Қызылордада науқастарға күтім жасау тәсілдерін үйрететін арнайы мектеп ашылды
Қызылорда медициналық жоғары колледжінде науқастар мен олардың жақындарына күтім жасау тәсілдерін үйретуге бағытталған арнайы мектеп өз жұмысын бастады. Бұл туралы аталған оқу орнының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жаңа бастама Қызылорда медициналық жоғары колледжі мен Латвияның Рига медициналық колледжі арасындағы Еуропалық Одақ деңгейінде бекітілген меморандум аясында жүзеге асып отыр. Аталған жоба Латвияның денсаулық сақтау жүйесіндегі озық тәжірибені енгізуді көздейді.
Халықаралық әріптестік нәтижесі
2024 жылдың соңында Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов бастаған делегация Латвия астанасы Ригада өткен халықаралық конференцияға қатысып, тәжірибе алмасқан болатын. Сапар барысында делегация Латвиядағы емдеу мекемелерінің жұмысымен танысып, күтім жасауға бағытталған білім беру жүйесін зерттеді.
– Биыл сәуір айында Рига-1 медициналық колледжінің лекторлары және Рига қаласындағы №2 аурухананың мейіргерлік күтім бөлімшесінің жетекші мамандары – Инга Приеде, Сэндия Шпацс-Дагэмен, сондай-ақ көпбейінді даму жөніндегі сарапшы Илзе Вациете Қызылордаға арнайы келіп, мейіргер ісі пәнінің оқытушылары мен емхана қызметкерлеріне дәріс оқыды. Семинар соңында қатысушыларға халықаралық үлгідегі сертификаттар табысталды, – деді Қызылорда медициналық жоғары колледжінің директоры Жанар Қалмақова.
Оның айтуынша, тренерлер аймақтағы барлық емхананың мейіргерлерін, сондай-ақ науқастар мен оларды күтумен айналысатын туыстарын оқыту жұмысын бастап кеткен. Қазіргі таңда 15-ке жуық пациент пен олардың жақындары арнайы оқытудан өтіп, күтім жасау біліктілігін арттырған.
Күтім мектебінің пайдасы зор
Осындай курстан өткен қала тұрғыны Гүлнар Серікбекқызы жолдасының инсульт алып, төсекке таңылуына байланысты күтімді өзі жүргізіп келеді.
– Мұндай жағдай бізге алғаш рет тап келді. Алғашында көп нәрсені білмедік. Курстың арқасында науқасқа дұрыс күтім жасау жолдарын үйреніп, пайдалы ақпарат алдым. Бұл тек мен үшін емес, көптеген отбасы үшін маңызды бастама, – дейді ол.
Озық технологиялар мен тәжірибелі мамандар тартылған
Сабақтар барысында төсекке таңылған науқастарға күтім жасау ережелері, терінің ойылуының алдын алу шаралары, эргономика, инсульт, деменция сияқты аурулармен ауыратын жандарды оңалту әдістері жан-жақты түсіндіріледі. Жаңа мектепте заманауи технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект негізінде әзірленген платформалар да кеңінен қолданылады.
Болашаққа бағытталған бастама
Мамандардың айтуынша, бұл жоба өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттырып қана қоймай, үй жағдайында науқасқа күтім жасау мәдениетін де дамытады. Арнайы мектептің жұмысы алдағы уақытта кеңейіп, тұрғындардың түрлі санаттарын қамтуы жоспарланып отыр.
Қызылордадағы бұл бастама — халықаралық тәжірибені тиімді қолданудың және мейіргерлік қызметті жетілдірудің нақты көрінісі. Медициналық білім беру мен тәжірибені ұштастыра отырып, тұрғындарға қажетті көмек көрсету – өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтермек.







