Президенттен жаңа жылдық сыйлықтың орнына бүйрек сұраған қызға донор табылды
Осыдан бір жыл бұрын жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ана мен бала орталығына барып, балаларды мерекемен құттықтаған еді. Сонда жаңажылдық сыйлық орнына ауруынан айығуды, сау бүйрек табылуын сұраған 13 жастағы Әнел Дінекешева ерекше есте қалды. Жақында Әнелдің қан тобына сәйкес келетін донор табылып, сәтті ота жасалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Әнелге 13 жылда 15 ота жасалды.
Әнел 2009 жылы Тараз қаласында туған, Астанаға ем алуға жиі келетін болғандықтан, 2019 жылы отбасымен елордаға қоныс аударған.
«Әнел - менің жалғыз балам. Бір жарым жасында дәрігерлер бүйрек жұмысында ақау барын анықтады. Әрине, алғаш естігенде қатты уайымға салынбадым, емделіп кетеді деп ойладым. Бірақ қызым қатты ісініп, зәр шығара алмай қалды. Сонда бірінші урологиялық ота жасалды, кейінірек жұлын жарығына ота жасалды. 2021 жылы сол жақ бүйрегі істемей қалды, дене қызуы көтеріліп, сынамалары нашарлай бастады, оны да ота арқылы алуға тура келді. Осылайша 13 жасына дейін қызым 15 отаны бастан өткерді. 2023 жылы маусым айында қан қысымы 50-ге төмендеп, бірден жансақтау бөліміне түсті. Үш рет жүрегі тоқтап қалды. Сонда бәрі бітті деп, үмітім үзілді. Бірақ дәрігерлер өлім аузынан құтқарып қалды, қызым да жігерлі екен», - дейді Әнелдің анасы Динара Дінекешева агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
2022 жылы 30 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ана мен бала орталығының балаларымен жүздесті. Әнел де балалардың арасында Президентпен сөйлесіп, өз тілегін айтқан.
«Сонда Президент: «Жаңа жылға қандай сыйлық қалайсың?» - деп сұрады. Әнел ауруынан айығуды, сау бүйрек табылуын сұрапты. Президент армандарының орындалуын, сәттілік тіледі. Тура бір жылдан кейін 2023 жылы 30 желтоқсанда қызымның қан тобына сәйкес келетін донор табылды. Бірден сәтті ота жасалып, өзі қалағандай нағыз жаңажылдық сый болды. Әрине, Президентпен кездесу басқа науқастардың алдында менің қызыма еш артықшылық берген жоқ, өзімізге сай келетін бүйректі сабырмен күттік, біз мұны тек жақсы ырым, жақсы тілектің орындалуы деп бағаладық», - дейді Д. Дінекешева.
Донорға мұқтаж балалар Беларусьтен ағза күтіп жүр.
Ана мен бала орталығы Нефрология және диализ бағдарламасының меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Салтанат Рахымжанова Әнелдің диагнозы туралы толыққанды мағлұмат берді.
«Әнел 2011 жылдан бері біздің ауруханада ем алып жүр. Алғашқы 10 жылда консервативті ем алып, жоспарлы түрде ауруханаға жататын. 2021 жылы бүйрегі нашарлап, гемодиализ көмегіне мұқтаж болды. Біздің елімізде балалар гемодиализі амбулаторлық желіде жоқ, тек біздің орталықта және Алматыдағы Ақсай клиникасында ғана стационарда қолжетімді. Әнел де 2 жыл 4 ай бойы ауруханадан шыққан жоқ, бұған дейін көптеген ота жасалған, жүйке жүйесінде, жұлынында және урологиялық мәселелері болды, туыстары арасында ықтимал донор табылмады, сондықтан ерте жаста трансплантация жасалмады», - деп түсіндірді дәрігер.
Орталықтың ұсынысымен туыс доноры жоқ науқас балалар Беларусь Республикасының күту парағына енгізілген. Көптеген комиссиялық тексерулер мен іріктеуден соң 10 қазақстандық науқас Беларусьтің күту тізіміне енгізілді.
Бір донор бес адамның өмірін ұзартты. 30 желтоқсанда үйлестіру орталығы Павлодар қаласынан тағы бір донор табылғанын хабарлаған. Оның қаны Әнел секілді үшінші топта.
Отадан кейін Әнел 3 күн жансақтау бөлімінде, 10 күн палатада жатқан және еш қиындықсыз үйіне шығарылған.
Дәрігерлер алдын ала болжағандай, Әнелдің зәрінен инфекция табылып, қазір қайтадан ауруханада ем алып жатыр. Бірақ көрсеткіштері күннен-күнге жақсарып келеді.
«Жаңа бүйрегімді қатты бағалаймын. Күн сайын таңғы 7-де оянып, дәрі ішуді бастаймын. Одан кейін сағат 9-да, 10-да, 12-де емдік процедуралар мен дәрілерді уақытылы қабылдаймын. Бос уақытымда сурет салғанды, ермексазды жақсы көремін. Биді де ұнатамын, бірақ әзірге белсенді қозғалуға болмайды. Стюардесса болуды да армандайтынмын, бірақ денсаулығыма байланысты жоспарларым өзгерді. Аудармашы немесе тіс дәрігері болғым келеді. Ата-анама үй әперіп, бәрін қуантқым келеді. Дәрігерлерге және еліме үлкен алғыс айтқым келеді», - дейді Әнел.
Дәрігер Салтанат Рахымжанованың айтуынша, 2012 жылдан бері орталықта 149 трансплантациялық ота жасалған. Қазіргі уақытта сау ағзаға мұқтаж күту парағында 100-ден астам бала тұр. Көп жағдайда ата-ана, әпке, аға, бауыр секілді жақын туыстар ғана науқасқа бір ағзасын беруге дайын.
Оның айтуынша, елімізде ерікті түрде бір бүйректі басқа науқасқа беруге болады, бірақ оның тегін болуы міндетті.