Қазақстанда ағза сатқандар заңмен жазаланбақ
Елімізде әлеуметтік желі арқылы хабарландыру беріп, ағза сататындар заңмен жазаланбақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ұлттық ғылыми онкология орталығының мәлімдемесіне әлеуметтік желілерде тараған «бүйрегімді сатамын» деген секілді хабарландырулар себеп болған.
«Қазақстанда ағза сатып алуға немесе сатуға бола ма? Жоқ. Халық денсаулығы туралы кодекстің 209-бабы 4-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, трансплантациялаған кезде адамның ағзасын (ағзасының бір бөлiгін) немесе тiнін сатып алуға және сатуға тыйым салынады», - деп ескертеді мекеме.
Жалпы, аталған кодекстің 210-бабына және 212-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес елімізде тірі және қайтыс болған адам (алдын ала келісімімен) донор бола алады. Тек ағзасын сата алмайды.
Қазақстанда тірі донордан ағзаны ауыстырып салу туралы шешімді этикалық комиссия қабылдайды.
Ол ағза сату секілді оқиғалардың алдын алу және қауіпсіздік мақсатында бүкіл құжаттарды қарайды және ықтимал реципиент пен тірі донор арасындағы генетикалық байланысты белгілейді.