Мектеп оқушылары АПВ-ға қарсы вакцина алды
Алматы мектептерінің медициналық пункттерінде 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы жоспарлы екпе егу жұмыстары жүргізілуде,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Қасымхан Алпысбайұлының айтуынша, осы жылдың 20 маусымына дейін қалада АПВ-ға қарсы бірінші дозамен барлығы 10 293 қыз вакцинацияланған. Оның ішінде 4429 қыз 11 жаста, 5864 қыз 12-13 жаста. Ал АПВ-ға қарсы екінші дозамен барлығы 4171 қыз вакцинацияланды.
"Вакцинацияланған қыздар арасында процедурадан кейін қолайсыз жағдайлар тіркелмеген. Вакцинациялауға рұқсаты бар медицина қызметкерлері қыздарды қарап, тексеруден өткізіп, вакцинациялауды жүргізуге ата-анасынан келісім алғаннан кейін жүргізеді", - деді Қасымхан Алпысбайұлы.







