Қызылорда облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты – 60-тан астам ауру бойынша жағдай тіркелмеген

2 303

Өңірлік коммуникациялар қызметі2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қызылорда облысында аса қауіпті инфекциялық және паразиттік ауруларға қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты деңгейде сақталды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Нәтижелі алдын алу шаралары – тұрақтылық кепілі

Әлия Мүтәліпқызының айтуынша, жүйелі түрде атқарылған эпидемияға қарсы және профилактикалық шаралардың арқасында облыс көлемінде бірқатар жұқпалы аурулар бойынша сырқаттанушылық төмендеген.

– Жартыжылдық қорытындысы бойынша 60-тан астам нозология бойынша бірде-бір жағдай тіркелмеген. Сонымен қатар, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20-дан астам ауру түрі бойынша сырқаттану көрсеткіші төмендеді. Бұл – салалық мамандардың үйлесімді жұмысының нақты нәтижесі, – деді департамент басшысы.

Балаларға вакцинация жүргізу – басым бағыттардың бірі

Бүгінгі күні өңірде вакцинамен басқарылатын инфекциялардың алдын алу шаралары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Әсіресе балаларды егу мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде.

– Қазіргі таңда екпемен қамту көрсеткіші облыс бойынша оң динамика көрсетуде. Дегенмен, кейбір аудан мен елді мекендерде бұл көрсеткішті арттыру қажет. Сол бағытта түсіндіру және қосымша қамту жұмыстары жалғасып жатыр, – деді Әлия Әбдіқайымова.

Сонымен қатар, өткен жылдың қазан айынан бастап 11-13 жас аралығындағы қыз балаларға адам папиллома вирусына қарсы вакцинация жүргізіліп келеді. 2025 жылдың алғашқы алты айында бұл бағытта 4 мыңнан астам жасөспірім қыз бала екпемен қамтылған.

Санитариялық бақылауда – 5 мыңнан астам нысан

Қазіргі таңда облыс бойынша 5 мыңнан астам нысан санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға алынған. Олардың үш мыңнан астамы – эпидемиологиялық тұрғыдан аса маңызды нысандар санатына жатады.

Барлық бақылаудағы мекемелерде жоспарлы тексерулер мен мониторингтік жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде.

Сонымен қатар, тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін санэпидсала бойынша мемлекеттік қызметтер толығымен электронды форматта көрсетілуде. 2025 жылдың басынан бері 800-ден астам өтініш түсіп, олардың басым бөлігі бойынша рұқсат құжаттары берілген.

Басты міндет – тұрғын денсаулығын қорғау

– Алдағы кезеңде де біздің негізгі мақсатымыз – өңір тұрғындарының денсаулығын қорғау, инфекциялық аурулардың алдын алу және санитариялық қауіпсіздік шараларын күшейту. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз жүйелі түрде әрі үздіксіз жалғасатын болады, – деді Әлия Мүтәліпқызы брифинг барысында.