Цой елімізде коронавирустың таралуы төмендеп келе жатқанын мәлімдеді
Үкіметтің онлайн-отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирус дертінің таралуы бәсеңдей бастағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, наурыз айымен салыстырғанда дертті жұқтыру көрсеткіші әлдеқайда төмендеген.
"Аурудың апта сайынғы динамикасына сәйкес, өсу қарқыны наурыздың аяғында 46 пайыз болса, өткен аптада 8 пайызға дейін төмендеген. Соңғы аптадағы өлім-жітім өсімі алдыңғыға қарағанда 30 пайыздан 8 пайызға дейін азайған. Жағдайдың салыстырмалы түрде тұрақталғанын атап өтуге болады", - дейді Цой.
Десе де, аймақтар эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеулерді енгізуін жалғастыруда. Бүгінде еліміздегі
ауруханалардағы төсек орындардың 41 пайызы бос емес.
"Төсек қорының толуын бақылауға арналған электрондық жүйенің мәліметтері бойынша, 27 сәуірдегі жағдайға сәйкес, инфекциялық төсек орындардың 41 пайызында, реанимациялық төсектердің 28 пайызында науқастар жатыр. Инфекциялық төсек орындардың Нұр-Сұлтанда 56 пайызы, Алматыда 57 пайызы, Қызылорда облысында 58 пайызы, Алматы облысында 57 пайызы бос емес ", - деп толықтырды министр.