Батыс Қазақстанда ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі 50,3 пайызға өсті
Батыс Қазақстан облысында ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі өткен эпидемиялық маусыммен салыстырғанда 50,3 пайызға өсті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлім еткеніндей, 2023 жылдың 1 қазанынан бастап ЖРВИ-мен 120 678 адам ауырса, соның 77 600-і (64,3 пайызы) – 14 жасқа дейінгі балалар, 697-сі – жүкті әйелдер.
Н.Мұстаевтың сөзіне қарағанда, тұмаудың А (H3N2) түріне 81 адам шалдықса, соның 28-і – 14 жасқа дейінгілер, 23-і – жүкті әйелдер.
Сонымен қатар парагрипп, РС вирусы, аденовирус, метапневмовирус және риновирус секілді тұмау тәріздес вирустар да анықталуда.
Оған қоса жыл басынан бері бір жасқа дейінгі екі сәби көкжөтелмен сырқаттанған. Балалар арасында жиі кездесетін көкжөтел ауруы барлық ЖРВИ секілді суық тиюден басталады, содан кейін тыныс алу функциясы бұзылып, шырышты қабаттары зақымдалады. Салдарынан ұзаққа созылатын жөтел пайда болады.