Қазақстан дәрілік заттың патент иесінен лицензиясын мәжбүрлеп алуға қол жеткізеді

2 521

Pixabay.comМәжіліс «Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңды қабылдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


“Қаралып отырған заң жобасы Дүниежүзілік сауда ұйымының зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімінің ажырамас бөлігі саналады. Бұл келісім ұлттық қауіпсіздікті және Қазақстан халқының денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге, сонымен қатар сапалы және тиімді дәрілік препараттарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Бұл ретте аталған келісім дәрілік заттың патент иесі оған қол жеткізуді шектеген, сондай-ақ өзінің айрықша құқықтарын теріс пайдаланған жағдайларда, мысалы, ұйымның мүше мемлекеттерінің бірі дәрілік заттарды ішкі тұтыну немесе ұйымның басқа мүше мемлекеттеріне экспорттау мақсатында патент иесі тарапынан кедергілер болған кезде Қазақстанның ұйым кеңесі арқылы патент иесінен лицензияны мәжбүрлеп алу тетігі қарастырылып отыр”, - деді заң жобасын таныстырған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.


Айта кетейік, Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толықтыру енгізу туралы хаттама Дүниежүзілік сауда ұйымына қатысушы елдерге патенттелген дәрілік заттардың құқық иеленушісінің рұқсатынсыз кейіннен экспорттау үшін мәжбүрлемелі лицензиялар бойынша дәрілік заттарды өндіруге құқық беруді көздейді. Хаттама Женевада 2005 жылғы 6 желтоқсанда жасалды және Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімнің ажырамас бөлігі саналады.


Депутаттар Заңды қабылдап, Сенат қарауына жіберді.