МӘМС жүйесінде қамтылмаған азаматтардың мәртебесін анықтау жүріп жатыр

2 524

special.nur.kzМіндетті медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылмаған азаматтардың мәртебесін анықтау жүріп жатыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлім етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Сайлаушылар көп көтеріп жүрген мәселелердің бірі - міндетті медициналық сақтандыру жүйесі. Медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді екенін дамыған елдердің, әсіресе ОЭСР тәжірибесі көрсетіп отыр. Олардың тәжирбесі бұл жүйенің 3 мәселені шешкенін байқадық. Біріншіден, клиникалардың басым көпшілігі науқастарды емдеу үшін ең жақсы жағдай жасауға өткен. Олай болмаса, ол қаржы ала алмайды, себебі қаражат аурып қалған азамат таңдаған клиникаға төленді. Екіншіден, азаматтың денсаулығын қорғау бойынша жауапкершілікті тек мемлекетке емес, сонымен бірге жұмыс беруші мен жұмыскерлерге жүктеуді қарастырған жалғыз жүйе де осы. Үшіншіден, жүйенің ынтымақты қағидатта жұмыс істеуі медициналық көмектің барлық түрінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді», - деді Т. Дүйсенова.


Оның айтуынша, қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында осы озық тәжірибені енгізу бойынша тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Оның біріншісі - жүйемен қамтылмаған азаматтардың мәртебесін анықтау.


«Қазір өңірлерде тиісті штабтар құрдық. Түгендеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүріп жатыр. 130 мың азамат бойынша бұл жұмыс аяқталды, енді 750 мың адамға қатысты тиісті жұмыс басталды. Нәтижесінде, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар үшін мемлекет, ал жұмыс істейтін азаматтар үшін жұмыс берушілер және азаматтардың өздері жарна төлейтін болады», - деді вице-премьер.


Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық сақтандырудан тыс қалған халықтың бір бөлігін қамтуға қатысты түсінік берді. Себебі осы адамдар скрининг, медициналық тексерумен қамтылмай отыр.