Қазақстанда аутизммен тіркелген балалар саны 3,5 есеге артты

2 259

Фото: Freepik.comҚазақстанда аутизм спектрінің бұзылысы бар балалардың саны жыл сайын өсіп келеді. 2025 жылдың 1 наурызындағы мәліметке сәйкес, 0-17 жас аралығындағы 12 807 бала мен жасөспірім аутизм диагнозымен тіркеуде тұр, бұл бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда үш жарым есе көп, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Дәрігерлер бұл өсімді аутизмнің таралуымен емес, ерте диагностика сапасының артуымен байланыстырады. Мамандардың біліктілігі артқан, ата-аналар дер кезінде көмек сұрай бастады, скринингтік жүйелер енгізілді.

Мемлекет басшысы аутизммен ауыратын балалар мәселесіне ерекше назар аударып, оңалту орталықтарының санын көбейтуді тапсырған. Бүгінде ірі қалаларда арнайы орталықтар жұмыс істейді, алайда ауылдық жерлерде білікті көмекке қолжетімділік төмен.

Алматыда 15–17 қазан аралығында өткен World Inclusion Congress 2025 инклюзивті білім беру мәселелеріне арналды. Конгреске әлемнің 40 елінен келген сарапшылар қатысты. Онда ерекше балаларды қолдаудағы жаңа технологиялар, жасанды интеллект пен халықаралық тәжірибе талқыланды.

Аутизм — бұл ауру емес, адамның даму ерекшелігі. Бастысы — оны ерте анықтап, бейімдеу мен қолдауды дер кезінде бастау. Ата-аналар үшін ең маңыздысы – балаға уақыт бөлу, білім беру процесіне белсенді араласу.

Мамандардың айтуынша, қоғамда бұл тақырыпқа қатысты қалыптасқан таптаурындар мен қорқыныштар әлі де бар. Бірақ аутизмі бар адамдар да сапалы білім алып, толыққанды өмір сүре алады. Көп нәрсе — қоғамның қабылдауы мен жанашырлығына байланысты.