АЛМАТЫДА ЕЛІМІЗДЕГІ АЛҒАШҚЫ ІШЕК АУРУЛАРЫН ЕМДЕУГЕ АРНАЛҒАН МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ базасында еліміздегі ішектің қабыну ауруларын (IҚА), қысқа ішек синдромын (ҚІС) емдеу және нутритивтік түзету жөніндегі алғашқы Мамандандырылған орталық ашылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Крон ауруы мен ойық жаралы колитті қамтитын ішектің қабыну аурулары бүкіл әлемде жиі кездеседі. АҚШ пен Еуропа елдері сияқты табысы жоғары елдерде 6 миллионға жуық адам IҚА-дан зардап шегеді. Жағдайлардың саны дамушы өңірлерде, соның ішінде бұрын сырқаттанушылық салыстырмалы түрде төмен болған Азияда да өсуде.
Қазақстанда әрбір 100 мың адамға шамамен 5-10 IҚА жағдайы келеді деп есептеледі және бұл көрсеткіш, әсіресе диагностиканың жақсаруын және аурулар туралы хабардарлықтың артуын ескере отырып, өсе беруі мүмкін.
Қысқа ішек синдромы - сирек кездесетін, бірақ ауыр жағдай, әдетте жарақаттар, аурулар немесе Крон ауруы сияқты IҚА асқынулары салдарынан аш ішектің маңызды бөліктерін хирургиялық алып тастағаннан кейін пайда болады.
Ішектің қабыну аурулары мен қысқа ішек синдромы ұлттық денсаулық сақтау үшін үлкен сынақ болып табылады, ол жан-жақты шешімді және жақсы дайындалған мультидисциплиналық команданың үйлесімді жұмысын талап етеді. Орталық жоғары сапалы диагностиканы, заманауи емдеу бағдарламаларын және психоәлеуметтік қолдауды қоса алғанда, пациенттердің осы санатына мамандандырылған көмек көрсетеді. Негізгі бағыттардың бірі клиникалық тамақтану (оның ішінде энтералды және парентералды тамақтану) мәселелері бойынша консультациялық көмекті қамтитын нутритивтік түзету болады.