Қазақстандықтар қандай дәрілерді жиі сатып алады
Қазақстандықтар қандай медициналық препараттарды жиі сатып алатыны белгілі болды, деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда дәрілік заттарды міндетті таңбалау мен қадағалауды енгізу мемлекетке ашық бақылау мүмкіндігін берген.
Министрлік келтірген деректерге сүйенсек, елімізде ең көп сатылатын таңбаланған препарат – парацетамол. Оның 3 миллионға жуық пакеті сатылған. Бұдан кейін ең көп сатылатын препараттар – натрий хлориді, этил спирті, ацетилсалицил қышқылы және Цитрамон П.
Бір жылдың ішінде барлығы 417 млн дәрілік заттың қаптамасы таңбаланған, бұл нарықтың 60 пайыздан астамын құрайды. Олардың ішінде 252 млн – импорттық препараттар, 165 млн қаптама Қазақстанда өндірілген.
Tañba тауарларын таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторлары жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, ең үлкен сұраныс аптаның ортасында болады. Көбінесе қазақстандықтар дәрі-дәрмектерді сейсенбі мен сәрсенбіде сатып алады.
Демалыс күндері сұраныс төмендесе, дүйсенбіден бастап сұраныс өсе бастайды.
Еліміздің барлық өңірлерінде бір жылда 107 млн бірлік дәрілік зат сатылған. Ең көп таңбаланған препараттар бір жылда Алматы қаласында сатылған – 14,1 млн қаптама.
Екінші орында Қарағанды облысы – 9,2 млн қаптама, үшінші орында – Шымкент – 4,9 млн қаптама.







