ҚЫЗЫЛОРДАДА БІЛІКТІ ДӘРІГЕРЛЕР ЖЕТІСПЕЙДІ МЕ?
Қазақстанда 5 мыңнан астам дәрігер жетіспейді. Жыл сайын жоғары медициналық оқу орындарын орта есеппен 7 мыңнан астам адам бітіріп шығады. Алайда уақыт озған сайын саладағы маман тапшылығы мәселесі шешімін табудың орнына ушығып барады. Медицина саласында маманның жетіспеуі бірінші кезекте, қарапайым тұрғындарға қиын. Дәрігерге жазылу үшін апталап, кейде айлап кезек күтуге тура келеді. Мысалы, Қызылорда облысында салалық дәрігерлер саны өте аз, тіптен саусақпен санарлық,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Өңір-өңірде білікті дәрігердің жетіспейтіні – ащы шындық. Дертке шипа іздеген жандар дәрігерлердің біліксіздігінен емес жоқтығына наразы.
Қызылорда облысында дәрігер тапшылығы тіпті қатты байқалады.Бүгінде облыс көлемінде 2023 жылы халық санағы бойынша 833 500 адам болса, оның 2 928 дәрігер, 10 640 орта медицина қызметкері. Алайда ауыл-аудандар да жыл сайын медпунктер салынғанымен, онда отырғызатын маман тапшылығы жиі сөз етілуде. Ал халық шипа іздеп әлі күнге дейін қала кезуде. Тұрғындардың айтуынша, облыста гостролог, гемотолог, вирусолог, инфексиолог, эпелептолог, невролог, гостроэнтеролог секілді мамандар тапшы.
«Салада дәрігер-мамандар тапшылығы жылдан жылға азаюда. Облыс әкімдігінің қолдауымен өңірде мамандар тапшылығын азайту, мамандарды тарту және тұрақтандыру мақсатында жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда.
10 мың тұрғынға шаққанда медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етілу көрсеткіші бойынша облысымыз алдыңғы қатарда.
2017-2022 жылдар аралығында медицина саласында сұранысқа ие жалпытәжірибелік дәрігерлерді даярлауға - 147, тар буынды мамандарды резидентурада даярлауға - 131 облыс әкімінің гранты бөлінді.
Мамандар тапшылығын азайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады, біздің болжамымыз бойынша 2025 жылға дейін облысымыз дәрігерлермен толық қамтамасыз етіледі деп күтілуде», - деді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары.
Жалпы, Қызылордада медицинаның донорлық трансплантация, нейроинтервенция, жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту маңызды. Себебі бүгінде дәрігерлер облыста бүйрек, өкпе, бауыр сияқты ағзаларды алмастыруға кезекте тұрған тұрғындардың саны жыл санап көбейіп бара жатқанын айтады. Әрине, бұл жағдай – республика көлемінде де қызып тұрған түйткілдің бірі. Дегенмен трансплантация реципиент, донор арқылы өңірде де науқастардың санын азайтуға болады.
Облыста нейроинтервенция емін дамытып, миына қан құйылған науқастарды емдейтін дәрігерлердің жоқтығы да жасырын емес.
Облыс орталығында Қызылорда облыстық көпбейінді ауруханасы, Облыстық балалар ауруханасы, перинаталды орталық, онкология орталығы, Қызылорда қалалық көпсалалы ауруханасы орналасқан. Бұның бәрі – облыстық мәртебесі бар мекемелер. Мәселен, санитарлық авиациямен жеткізілген науқастың жағдайы төмен болса, тікұшақпен облыстық ауруханаға әкеліп, реанимацияға кіргізіп, көмек көрсетуге болады. Десек те аграрлы өңір екендігіміз әуелден белгілі, бастапқы күшті ауыл шаруашылығына салатыны анық. Дегенмен халықтың денсаулығы маңызды екенін ұмытпағанымыз да жөн.
Қала тұрғындары аймағымызда білікті мамандардың жоқтың қасы екенін жиі айтады. Тіптідәрігерлердің есігін жағалап, клиникалардың табалдырығын тоздырған жандар дертіне шипа таппай денсаулығын қалыпқа келтіру үшін Алматы не Астана секілді алып шаһарларға баруға мәжбүр. Сол себепті осы салада маман тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсе деген тілегін білдіреді.
Айгерім Рахымжанқызы