Министрлік ана мен нәресте өлімі көп тіркелген өңірлерді жариялады

2 294

Фото:depositphotos.comҚазақстанның алты өңірінде ана бен бала өлімі өскен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, ана өлімінің өсімі әсіресе Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе, Жетісу және Абай облыстарында байқалған.

"Ана өлімінің ең жоғары көрсеткіші Ақмола облысында тіркеліп отыр – бұл өңірдегі көрсеткіш республика бойынша орташа деңгейден жеті есе жоғары. Ана өлімінің негізгі себептері: ауыр экстрагениталды аурулар – 55 пайыз немесе 10 жағдай, және акушерлік себептер – 45 пайыз немесе 8 жағдай. Бұл ретте ғылыми орталықтар мен ЖОО-лардан құрылған мультидисциплинарлы топ әрбір жағдайды терең талдап жатыр", – деді Әлназарова Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, министрдің айтуынша, нәресте өлімі Қызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Абай облыстарында артқан.

Нәрестелердің өмірден өту себептерінің ішінде туа біткен даму кемістіктері мен тыныс алу органдарының аурулары басым. Ал Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ұлытау облыстарында үйде өлім-жітім деңгейі республика бойынша орташа деңгейден екі есе жоғары.

"Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардан жергілікті бюджет есебінен мынадай шараларды қаржыландыруды сұраймыз: кадрмен қамту және олардың біліктілігін арттыру, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, жүкті әйелдер мен балаларды облыс орталықтарына жеткізу үшін көлікпен қамтамасыз ету, репродуктивті жастағы осал топтағы әйелдерді контрацепция құралдарымен қамту", – деді министр.