Қызылордалық дәрігерлер хирургиялық емдеудің заманауи әдістерін меңгерген

311
Қызылордалық дәрігерлер қан жоғалту, тыртық және ауырсынусыз балаларға ота жасау технологиясын меңгере бастады.
Жапонияда оқып келген жергілікті мамандар өңірде эндо-бейне хирургияның қазіргі заманғы бағытын табысты дамытуда. Енді мұндай емге мұқтаж бүлдіршіндер бұдан былай шетелге немесе өзге аймақтарға сабылып, уақыт жоғалтпайды.
Бір жарым жасар Саяның ішкі ағзаларында ақау болған дей алмайсың. Операциядан кейін бүлдіршіннің денесінде қылаудай ғана із қалғаны болмаса, дертінен құлан таза айыққан. Айгерім Сағымбаева, қала тұрғыны:  
«Бұрын отаны ішті кесіп, наркозбен істейтін еді. Ал қазір жаңа тәсілмен жасалады, бір күннен кейін бала бірден жүріп кетеді. Ешқандай ауырсыну болмайды. Көңіл-күйі жақсы», – деді қала тұрғыны Айгерім Сағымбаева.
Дәрігерлер хирургиялық емдеудің заманауи әдістерін Жапония мен Кореядағы әріптестерінен үйренген. «Жоғары технологиялық операциялар балалардағы қауіпті асқынуларды уақытылы анықтауға және емдеуге мүмкіндік береді», – дейді мамандар.
«Оптикалар арқылы науқастың ішкі қуысына кіріп, қандай өзгерістер барын, қыз балалардың жатырында, аналық бездерінде әртүрлі жарықтың бар-жоғын анықтауға болады. Яғни бір ота барысында бірнеше ота жасап кету мүмкіндігі бар», – дейді Облыстық балалар ауруханасындағы Шұғыл хирургия бөлімінің меңгерушісі Әлімжан Төлегенов.
Соңғы 4 жылда облыстық балалар ауруханасын жабдықтауға жарты миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалып, соңғы үлгідегі медициналық құрылғылар сатып алынған. Сондай-ақ жаңа оңалту бөлімшесін ашу жоспарланып отыр.
«Қамқорлық» оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бізде үлкен 60 төсектік оңалту бөлімшесі бар. Ол жерде неврологиялық оңалту, кардиохирургиялық оңалту және ортопедиялық оңалту төсектері қойылған», – дейді Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Зоя Көшенова.
Пандемия ауруханалардың жабдықталу деңгейі мен дәрігерлер біліктілігін де сынға салғаны белгілі. Індет өршіп тұрған кезде облыстық балалар ауруханасында 3.5 мыңдай бүлдіршін емделген. Өкінішке қарай, коронавирустан екі дәрігер көз жұмса, 26-сы індетті жеңіп шығыпты. Балалар амандығын басты орынға қойған мамандар медицинаның технологиялық тұрғыдан жетілуі уақыт талабы екенін алға тартады.