Ақшаң жоқ болса, ауырма: Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы шарықтап барады

2 512

фото: Gemini2026 жылдың наурыз айында Қазақстанда жалпы инфляция қарқыны біршама бәсеңдегенімен, бұл үрдіс барлық тауарлар мен қызмет түрлеріне бірдей әсер еткен жоқ. Әсіресе фармацевтикалық нарықта баға өсімі керісінше үдей түскен, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.


Ranking.kz деректеріне сәйкес, наурыз айының қорытындысы бойынша дәрі-дәрмек бағасы бір жыл ішінде 15,9%-ға қымбаттаған. Бұл көрсеткіш елдегі жалпы инфляция деңгейінен (11%) 4,9 пайыздық тармаққа жоғары. Сарапшылар мұны соңғы 2017 жылдан бергі ең жоғары деңгей деп бағалап отыр. Яғни фармацевтикалық өнімдер бағасы соңғы 9–10 жылдағы рекордтық өсімге жеткен.

Ресми мәлімдеме мен статистика арасындағы алшақтық

Айта кетерлігі, бағаның өсуі жыл басынан бері байқалып келеді. Дегенмен ақпан айының соңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәрі-дәрмек бағасы мемлекеттік реттеу аясында төмендеп жатыр деген мәлімдеме жасаған болатын. Ведомство сондай-ақ жаппай қымбаттау туралы ақпарат ресми мониторингпен расталмайтынын хабарлаған.

Алайда статистикалық деректер бұл мәлімдемемен сәйкес келмейді. Керісінше, фармацевтикалық өнімдер бағасы тұрақты түрде өсіп, басқа негізгі тұтыну санаттарынан озып отыр.

Салыстырмалы түрде алғанда, 2026 жылдың наурызында:

  • азық-түлік тауарлары — 11,7%-ға
  • азық-түлік емес тауарлар — 11,3%-ға
  • ақылы қызметтер — 10%-ға қымбаттаған.

Яғни, дәрі-дәрмек инфляция қарқыны бойынша барлық негізгі секторларды басып озған.

Аймақтар бойынша жағдай

Бағаның ең жоғары өсімі Шымкент қаласында тіркелді — бір жыл ішінде 25%. Одан кейін Батыс Қазақстан облысы (22,4%) және Ақмола облысы (22,1%) тұр.

Ал ең төмен өсім Павлодар облысында (5,5%), Маңғыстау облысында (7,3%) және Қостанай облысында (8,4%) байқалған.

Қордаланған мәселе: тегін дәрілердің сатылуы

Саладағы жағдайға қатысты тағы бір маңызды дерек — бұған дейін емханаларда тегін берілуі тиіс 4 114 дәрінің науқастарға сатылғаны анықталған. Бұл препараттар тегін медициналық көмек (ТМККК) шеңберінде пациенттерге ақысыз берілуі керек болған.

Аталған жағдай фармацевтикалық жүйедегі бақылау мен бөлудің тиімділігіне қатысты қосымша сұрақтар туындатып отыр.