ДДСҰ электронды темекі шегушілер санының артуына алаңдаулы

2 263

Фото: caliber.azДүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) жаңа есебіне сәйкес, қазіргі уақытта әлемде 100 миллионға жуық адам электронды темекі шегеді. Олардың 15 миллионы — 13 пен 15 жас аралығындағы жасөспірімдер, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Мамандар бұл жағдайды никотинге тәуелділіктің «жаңа толқыны» деп бағалап отыр. Электронды темекіні тұтынушылардың көбі Америка мен Еуропада тұрады. Жалпы әлемде 15 жастан асқан 86 миллион адам вейп шегеді, бұл ересек халықтың 1,9%-ын құрайды.

Есеп 2014–2024 жылдар аралығында 85 елден жиналған мәліметтерге негізделген. Алайда әлем халқының төрттен бірі — 109 ел — бұл зерттеуге енбеген.

ДДСҰ мәліметінше, көптеген елдер жасөспірімдер арасындағы темекі шегуге қарсы шараларды қолға алғанымен, 62 мемлекет әлі ешқандай әрекет етпеген. Ал 74 елде вейп сатып алуға қойылған жас шектеуі жоқ.

ДДҰ сарапшылары электронды темекілер зияны аз өнім ретінде ұсынылғанымен, олар балаларды никотинге тәуелділікке итермелейтінін ескертеді. Ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус темекі индустриясының жастарға бағытталған жаңа өнімдер арқылы нарықты кеңейтіп жатқанын мәлімдеді.

Жалпы алғанда, темекі шегушілер саны соңғы жылдары азайып келеді: 2000 жылы 1,38 миллиард адам шексе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,2 миллиардқа төмендеген. Әйелдер арасындағы көрсеткіш 11%-дан 6,6%-ға, ерлер арасында 41,4%-дан 32,5%-ға түсті. Алайда әлемде әр бесінші ересек адам әлі де темекі шегеді.

Сарапшылардың айтуынша, вейп зиянды заттарды аз мөлшерде шығаруы мүмкін, бірақ құрамындағы никотин адамды тәуелді етеді.