Елімізде есту қабілеті нашар жасөспірімдердің саны артқан
2 270
Елімізде есту қабілеті нашарлаған жасөспірімдердің саны артқан. Мамандар бұған құлаққап пен артық шудың да әсері болатынын айтып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
— Қоғамдағы шудың артуы, құлақтағы инфекциялар мен жарақаттар да есту қабілетінің нашарлауына себеп болады. Кейінгі статистикалық деректерге сәйкес, 12-17 жас аралығындағы балаларда есту қабілетінің төмендеуі байқалады. Құлағы ауырлаған жасөспірімдер саны 15-20%-ға артқан, - дейді дәрігер Ақбаян Нұрғабылқызы «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.
Тәжірибелі маман жасөспірімдердегі бұл мәселеге құлаққаптың тікелей әсер ететінін айтады.
— Жасөспірімдер арасында есту қабілетінің төмендеуі көбінесе құлаққапты дұрыс пайдаланбаумен байланысты болып отыр. Құлаққап арқылы берілетін дыбыстың деңгейін 60%-дан асырмау қажет, себебі одан жоғары дыбыс құлақтың ішкі құрылымына кері әсерін тигізеді. Қазіргі уақытта «60/60» деген ереже кеңінен қолданылады: дыбыстың деңгейі 60%-дан аспауы керек және құлаққаппен тыңдау уақыты 60 минуттан ұзақ болмауы тиіс. Бұл шаралар дыбыстың құлақта қысым тудыруының алдын алады, себебі қысым жоғарылағанда құлақта шу пайда болып, бұл есту қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Құлаққаптар құлақтағы бактериялардың көбеюіне ықпал етеді, бұл құлақта қабыну тудыруы мүмкін және есту қабілетінің нашарлауына әкеледі, - дейді ол.
Студия қонағы құлақ ауруының алдын алу үшін ата-аналарға бірнеше кеңес берді.
— Егер бала сөйлеген сөзіңізді бірнеше рет дұрыс естімесе, онда ол құлақтың нашарлай бастағанын білдіреді. Балаларда бас айналу, тепе-теңдікті ұстай алмау сияқты қосымша белгілер де байқалуы мүмкін. Мұндай жағдайда тез арада ЛОР дәрігеріне қаралу қажет. Ата-аналарға балаларының құлаққапты пайдалану уақытын шектеу маңызды. Мен жылына кемі бір рет ЛОР дәрігеріне қаралып тұруды ұсынамын, - дейді Ақбаян Нұрғабылқызы.