Мұрын пердесіне ота жасатқан 59 жастағы әйел қаза тапты
Астанадағы жеке клиникада мұрын пердесіне (септоринопластика) жоспарлы ота жасатқаннан кейін 59 жастағы әйел қайтыс болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Марқұм – Ақтау қаласының тұрғыны. Ұлының айтуынша, анасы тыныс алуы қиындаған соң хирургиялық маманға жүгінуге мәжбүр болған. Алайда отадан кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлап, қайтыс болды.
Марқұмның туыстары операцияны бұрын даулы жағдайға тап болған дәрігер жасағанын мәлімдеді. Бұған дейін дәл осы дәрігердің риносептопластика жасаған 22 жастағы қыз алты ай комада жатқан.
Осы оқиғаға байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті 2025 жылдың 10–16 шілде аралығында клиникада тексеріс жүргізген.
Нәтижесінде операция жасалған 3 маусымда клиниканың ешқандай лицензиясы болмағаны анықталды. Атап айтқанда, “Medina Plastic Surgery” ЖШС 20 наурыз бен 3 маусым аралығында:
- Пластикалық хирургия,
- Анестезиология және реаниматология,
- Нейрохирургия,
- Стационарлық көмек көрсету қызметтері бойынша лицензиясыз жұмыс істеген.
Мемлекеттік лицензия клиникаға тек пациент қайтыс болғаннан кейін – 17 маусымда берілген. Ал марқұмға көрсетілген медициналық көмектің сапасына қатысты ресми шағым 3 шілдеде түскен.
Тексеру нәтижесінде комитет 2025 жылғы 28 тамызда клиниканың лицензиясын кері қайтарып, материалдарды Астана қаласы полиция департаментіне процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберді.







