10 сынып оқушысы 5 сынып оқушысының қолын екі жерден сындырған
Ақтөбеде 5-сынып оқушысының қолы екі жерден сынып, ота жасалған. Қазір бала үйде білім алуға мәжбүр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.
Оқиға 6 қазанда спорт алаңында орын алған. Баланың анасы Ақжан Кәрім ұзақ уақыт бойы жанайқайын жарияламаған, бірақ қазір ғана мәселені дүйім жұртқа жеткізді.
Оның айтуынша, ұлын 10-сынып оқушысы ұрып-соққан. Мектеп басшылығы бейнебақылау жазбасын көрсеткен, бірақ оның сапасы нашар болғандықтан, оқиғаның толық көрінісін анықтау қиынға соққан. Анасы жауапкершілікке тарту мен әділдік талап етуде.
Қазіргі уақытта бала үйде ем қабылдап, оқуын қашықтан жалғастырып жатыр. Ата-аналар мен құқық қорғаушылар мектеп әкімшілігінің оқиғаны жан-жақты тергеуін, сондай-ақ баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуін талап етіп отыр.







