Көкшетаудағы әскери колледжде қызылша дерті тараған

2 512

Фото: Қорғаныс министрлігіҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледжде білім алушылар арасында қызылша ауруының жағдайлары тіркелген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство мәліметінше, кадеттердің каникулдық демалыстан оралуынан кейін олардың бір бөлігінде жұқпалы ауру белгілері байқалған. Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, аурудың болжамды түрде сырттан әкелінуі мүмкін екені анықталып жатыр.

 Қазіргі уақытта 66 кадет бейінді медициналық ұйымдардың бақылауында. Оның ішінде екі жағдайда ауру асқынумен өтуде. Аталған науқастар мамандандырылған медициналық көмек алып жатыр, олардың жағдайы тұрақты, оң динамика байқалған.

Колледж аумағында байланыста болған тұлғалар анықталып, оқшауланған. Барлық пациенттерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, олардың денсаулық жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр, - делінген министрлік ақпаратында.

Инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында оқу орнында карантин жарияланған.

Медициналық және санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтуге бағытталған қосымша шаралар ұйымдастырылып, жеке құрамның денсаулық жағдайына мониторинг күшейтілген.

Жағдай Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және денсаулық сақтау органдарының тұрақты бақылауында.