Дәрігерлер науқастан 25 келілік ісікті сәтті алып тастады
Алматыда дәрігерлер алып ісігі бар науқастың өмірін сақтап қалған бірегей ота жасады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Салмағы шамамен 25 келіге жеткен ісік бірнеше ай бойы әйелдің ішінде өскен, алайда ол медициналық көмекке жүгінбеген және дәстүрлі емес әдістермен емделуге тырысқан.
1957- жылы туған науқас екі айға жуық ауырған. Осы уақыт ішінде ол жақсаруға үміттеніп, тағамға қосылатын биологиялық белсенді қоспаларды қабылдағанымен, ешқандай нәтиже болмаған, ал ісік тез өскен. Кейін туыстарының айтуынша, әйел өз жағдайын жасырып, тіпті қоспаларды сатып алу үшін несие алған. Жағдайы күрт нашарлағаннан кейін ғана науқас онкологиялық орталыққа қаралған. Компьютерлік томография барысында іш қуысы мен жамбас қуысында алып ісік анықталған: көлемі 55х35 см, іш қуысын толығымен толтырып, жамбасқа дейін жеткен.
Дәрігерлер ота алдындағы дайындықтан кейін шұғыл операцияға шешім қабылдаған. Ота 2-2,5 сағатқа созылып, ішперде артындағы ісік күрделі түрде алынып, қосымша процедуралар жүргізілген. Операцияны онкохирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Балтаев және көмекшісі Ғалым Сармаш жүргізген. Алынған ісіктің салмағы шамамен 25 кг. Гистологиялық зерттеу нәтижесінде некроз аймақтары бар дифференциалданған ретроперитонеальды липосаркома диагнозы қойылып, ісік қатерлі деп танылған. Қазіргі уақытта науқас химиотерапиядан өтіп жатыр және мамандардың бақылауына алынған.







