13 жасар жасөспірімнің өлімінен кейін медициналық ұйымдар тексерілмек

2 505

Фото:©KazinformДенсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кәмелетке толмаған науқастың өліміне байланысты жан-жақты тексеріс жүргізу үшін арнайы комиссия құрылған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

-2026 жылғы 19 ақпанда науқас санитарлық авиация арқылы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілді. Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, 13 сәуірде ол көз жұмды, - делінген хабарламада.

Жұмыс тобының құрамына Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары – бас мемлекеттік медициналық инспектор, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар кірген. Жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, науқастың ауруханаға жатқызылмай бірнеше рет үйіне қайтарылуы, дәрігерлік консилиумдардың өткізілмеуі, жүгінулердің толық тіркелмеуі, науқас жағдайының жеткілікті бағаланбауы және клиникалық хаттамалардың сақталмауы тіркелген. Ақтау қалалық №2 емханасында да заңбұзушылықтар анықталған. Министрлік мәліметінше, дәрігерлер науқастың анамнезін толық жинамаған, зертханалық нәтижелерді ескермеген, диагноз бен клиникалық көрініс арасында сәйкессіздікке жол берген. Кейбір жағдайларда науқасқа тікелей тексеру де жүргізілмеген. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеру қорытындылары тиісті құқық қорғау органдарына, соның ішінде прокуратураға жолданғанын хабарлады.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы және медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаменті тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру қорытындысына байланысты тиісті медициналық ұйымдардың басшыларына және қызметкерлеріне қатысты тәртіптік шаралар қарастырылды. Тексеру материалдарына құқықтық баға беру және процесуалдық шешім шығару үшін Ақтау қаласының прокуратурасына жолданды, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева.