Қызылордада 3 713 жасөспірім «Pfizer» вакцинасын салдырды

265
Қызылорда облысында екі апта ішінде «Pfizer» вакцинасын 12-17 жас аралығындағы 3 713 жасөспірім салдырды,- деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Өңірде бүгінге дейін коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен 403 574 адам қамтылды. Бұл - тиісті контингенттің 89,2 пайызы. Ал толық вакцинациядан өткендер саны - 345 089 адам, ол тиісті контингенттің 76,3 пайызын құрайды.

«Облыста тұрақты ұжымдық иммунитет толық қалыптасты деп айта алмаймыз. Вакцина алғандар арасында екпе төлқұжатын сатып алғандар болуы мүмкін. Сондықтан әлі де қорғаныс деңгейін арттыру қажет. Өңірде коронавирус жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші төмендеді. Әлемдегі жағдай сақтық шараларын әлсіретпеуді әлі де қажет етеді», - деді облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жанабергенова.

Өткен тәулікте 6 дерек анықталды. Оның 5-еуі вакцина алмаған адамдар арасында анықталып отыр.

Биыл коронавирус инфекциясы мектеп оқушылары, студенттер арасында жиі тіркелуде. Вакцинация басталған 2 апта ішінде 12-17 жас аралығындағы 3 713 жасөспірім «Pfizer» вакцинасын салдырды.

Ведомство мәліметінше, 22 қарашадан бастап студенттер арасында коронавирус жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелген жоқ. Сондай-ақ «Pfizer» вакцинасымен иммунизацияланған жүкті әйелдер саны - 686, лактация кезеңіндегі әйелдер саны - 648 адам.

«Әлемнің бірнеше елінде «омикрон» штамы анықталып үлгерді. Бұл - біздің елге де тасымалдануы ықтимал жағдай. Себебі халықаралық миграция бар. Жаңа штамға тек вакцинациялау арқылы ғана төтеп беруге болады. Сондықтан коронавирустың жаңа штамына қарсы тұру үшін ревакцинациядан өтудің де маңыздылығы жоғары. Себебі, қорғаныш деңгейі әлсіреген ағза вирус жұқтыруға бейім келеді. Облысымызда ревакцинациялау 22 қарашада басталды, содан бері барлығы 202 адам қосымша екпе салдырды» , - деді Д.Жаңабергенова.