АЛҚА МӘЖIЛIСI БОЛЫП ӨТТІ

199
Бүгін Қызылорда медициналық жоғары колледжiнiң мәжіліс залында 2022 жылдың 6 айлығын қорытындылауға арналған кезектi алқа мәжілісі болып өттi,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

   Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Бексеитұлы, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалының директоры Бақыт Торғайбайұлы, ҚР ДСМ "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы" Қызылорда облыстық филиалының директоры Сәуле Мадельханқызы, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетiнiң Қызылорда облысы бойынша департаментінiң басшысы Динара Олжабайқызы, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айгүл Асылбекқызы және барлық медицина ұйымдарының басшылары қатысты. 

   Халық денсаулығы – еліміздің белсенді дамуына, экономикасына, әсіресе, әлеуметтік жағдайына ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан, қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. 

   Өткен жылдар еліміз үшін өте күрделі болды. Әлемдік пандемия қалыпты тіршілігімізге айтарлықтай әсер етіп, қызметтің барлық саласына түбегейлі өзгерістер енгізілген болатын. Дегенмен барша халықтың берекелі бірлігінің, дәрігерлердің тынымды тірлігінің арқасында бұл қиындықты да еңсердік. 

   Қазіргі таңда облыс халқына 2557 дәрігер, 9443 орта буын мамандары медициналық қызмет көрсетеді. 

   Облыс бюджеті, аймақ басшысы тарапынан да денсаулық сақтау саласына көрсетіліп жатқан қолдау жетерлік.
   Атап айтсақ, 2021 жылы Жаңақорған ауданында Жаңарық елді мекенінде дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, іске қосылды. Арал, Қазалы, Шиелі аудандарында 6 медициналық бекет (Жалғызағым, Тастубек, Жұбан, Жалпақ, Ақтам, Тоғайлы) қолданысқа берілді. Одан бөлек, Орталық қалалық емхана халық игілігіне берілді. Орталық қалалық емхананың ашылуы нәтижесінде қалалық емханалардың жүктемесі азайып, денсаулық сақтау желісі нормативке сәйкестендірілді.

   Өңірде мамандар тапшылығын азайту мақсатында өңірге аса қажетті медицина мамандықтары бойынша 111 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалып, қазіргі таңда 47 жас түлек емдеу ұйымдарында қызмет атқаруда. 

Қосымша 2017-2021 жылдар аралығында медицина саласында сұранысқа ие жалпытәжірибелік дәрігерлерді даярлауға 127 облыс әкімінің гранты бөлінді. Бұл шаралар өз кезегінде аймақтық саланы дәрігерлермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

   Сондай-ақ, ағымдағы жылы  жалпы құны 2,9 млрд. теңгені құрайтын «Қызылорда қаласының сол жағалауында IV санатты жылына 5000-10000 донация Облыстық қан орталығы құрылысын» бастау қолға  алынатын болады. 

   Бұл жетістіктеріміздің барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен елдің бүгіні мен болашағы үшін еңбек етіп жүрген барлық қазақстандықтардың, яғни, Сіздер мен біздердің бірлесе атқарған ауқымды істеріміздің нәтижесі, халық артқан сенімнің жемісі.