Университеттердің бірінде студенттерден туберкулез анықталды

2 506

фото: pexels.comЖеліде академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенттері арасында туберкулез жаппай тарады деген ақпарат пайда болды. Оқу орны бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды  Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ өкілдері туберкулездің 10 жағдайы тіркелді деген мәлімет тарағаннан кейін Facebook-тегі парақшасында мәлімдеме жасады.

"Қазіргі уақытта туберкулездің үш жағдайы расталды. Он жағдай туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Эпидемиологиялық тексеру нәтижесінде аталған жағдайлардың өзара байланысы жоқ екені анықталды. Науқастар бір-бірімен байланыста болмаған. Олардың екеуі басқа өңірлерден келген, біреуі жергілікті тұрғын", - дейді ЖОО өкілдері.

Сондай-ақ университет санитариялық-эпидемиологиялық қызметпен және медициналық ұйымдармен бірлесіп, қажетті профилактикалық іс-шараларды жүргізіп жатқанын мәлім етті.

"Жақын байланыста болған адамдар анықталып, оларға медициналық бақылау ұйымдастырылды. Тиісті үй-жайларда санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қабылданды.Іс-шаралар жүргізілген кезеңде жекелеген топтар уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Жақын байланыста болған адамдар мамандардың ұсынымдарына сәйкес 14 күн бойы медициналық бақылауда болады. Бұдан бөлек студенттер арасында қосымша профилактикалық медициналық тексеру ұйымдастырылды", - делінген хабарлама.

Университеттің баспасөз қызметінің мәліметінше, туберкулез вирустық емес, бактериялық инфекция. Аталған инфекция қол алысу, ортақ ыдыс-аяқ, тамақ өнімдері, тұрмыстық заттар немесе қысқа мерзімді қарым-қатынас арқылы жұқпайды. Аурудың таралу қаупі, ең алдымен, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адаммен жабық жерде ұзақ уақыт әрі жақын байланыста болған жағдайда туындайды.

"Жағдай университет басшылығының бақылауында. Санитариялық қызметтердің ұсынымдарына сәйкес қабылданып жатқан уақытша нысаналы шараларды қоспағанда, оқу үдерісі штаттық режимде жалғасуда", - дейді олар.

Университет өкілдері оқу ордасының және уәкілетті органдардың ресми ақпаратына ғана сүйенуді, сондай-ақ тексерілмеген мәліметтерді таратпауды сұрады.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.