Инфекционист жазда жиі болатын ішек ауруларының алдын алу жолын айтты

522
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Инфекционист-дәрігер Тамара Отағанова жазда жиі болатын ішек ауруларының алдын алу жолдарын түсіндірді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Дәрігердің айтуынша, ішек инфекциялары жылдың барлық мезгілінде болады. Десек те, адамдар жазда көбірек ауырады. Бұл осы мезгілде күннің ыстық болуына байланысты. Ішек инфекцияларының ең қауіптісі сальмонеллез, дизентерия және тағамдық токсикоинфекция. Егер ішек инфекциясын уақытында емдемесе, онда бұл адамға дегидратациямен қауіп төндіреді. Ішек инфекциясының алғашқы белгілері әртүрлі: бас айналу, жүрек айну, құсу, іштің мезгіл-мезгіл ауыруы, диарея, қалтырау.

«Ішек инфекциясы ағзаға қолдың кірі, ашық су және дұрыс сақталмаған тағамдар, жуылмаған көкөністер мен жемістер арқылы жұғады. Сондықтан қолыңызды сабынмен жиі жуып, қайнаған су ішіп, тек жаңа дайындалған тағамдармен тамақтану керек», - дейді маман.

Спикердің сөзінше, ішек инфекциясы – бірінші кезекте ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың тобы.

«Оның пайда болуына негізінен микроағзалардың бактерия, вирус сынды түрлері себеп. Инфекция көзі – науқас адам немесе жіті ішек инфекция қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Айналадағы адамдар үшін, әсіресе, аурудың жеңіл, анық байқалмайтын және симптомсыз түрлеріне шалдыққандар өте қауіпті»,- деді Тамара Отағанова.