ЖАТЫР МОЙНЫ ІСІГІ: БІР ҚЫЗЫЛОРДАҒА ЕКІ АППАРАТ

481
Естеріңізде болса, opennews.kz сайтына қарасты фейсбук және инстаграм парақшада «КӨПБАЛАЛЫ АНАНЫҢ АУЫР ЖАҒДАЙЫ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ АҚ ХАЛАТТЫЛАРДЫ АЛАҢДАТПАЙ МА?» тақырыбында материал жарық көрген болатын.

«Жатыр мойнының сыртқы бөлігінің қатерлі ісігі (экзоцервикса)» ауруына шалдыққан А.Амясова талапқа сай ем алып келген. Алайда, көпбалалы ананың қатерлі ісікпен күресемін деген үміті бір-ақ минутта үзіліпті. Оған себеп – өзі емделіп жатқан Облыстық онкологиялық орталықта ем алуға қажетті медициналық аппараттың аяқасты бұзылып қалуы. Бойын дендеген дертпен секунд санап арпалысып жүрген анаға бұл жайт, әрине, оңайға соққан жоқ.

Сонау Арал қаласынан емделу үшін Қызылорда қаласына келіп жүрген оның қазіргі уақытта тұрақты тұрағы жоқ. Жалдамалы пәтерде күнелтуде. Өзі жұмыссыз болғандықтан, пәтерақысын төлеу қалтаға едәуір салмақ түсіреді Біздің ақпараттық агенттіктің тілшілеріне «кез келген уақытта өліп қалуым мүмкін екенін ойлап, уайымдап жүрмін» деп көз жасына ерік берді.

Иә, қазақ атын атамай «жаман ауру» санайтын қатерлі ісік «оңай шағылатын жаңғақ» емес. Асқынған жағдайда ажалға апаратыны ақиқат. Бұл туралы дәрігер-онколог, І санаттағы дәрігер Асылай Кулмаганбетова былай деді:
«Ағзадағы белгілі бір өзгерістерге байланысты клеткалар мутацияға ұшырауы. Сол клеткалар бір бірімен байланыса отырып, одан сайын өсіп ісікке айналады. Жатыр мойны ісігі деген – осы. 

Жатыр мойнының қатерлі ісігі бастапқыда ешқандай белгі болмайды. Бірінші және екінші сатысында ауруды анықтау өте қиын. Көбіне адам ауруды асқындырып келеді. Оның ең алғашқы белгісі – қан кету. Қан кеткен кезде жайлап жұға бастайды содан кейін көп мөлшерде кете бастайды. Қан тек жатыр мойнынан кетеді. Қан көп мөлшерде кетсе, пациенттің басы айналуы немесе есін жоғалтуы мүмкін. Ағза әлсіреп, қан аздыққа ұшырайды».
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы жүргізілген

Скрининг бойынша 783 адам ісік алды және 9 адам қатерлі ісік ауруымен ауыратыны анықталған. 
Аталмыш диагноз бойынша ем алуға арналған сәулелі аппарат облыстық онкология орталығында бар болғаны – екі-ақ дана. Соның өзінде, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ж.Жалиеваның ақпаратына сенсек, қазіргі уақытта аппараттың біреуі бұзылып қалыпты. Демек, қазіргі уақытта дертке шалдыққан адамдардың тағдыры бір ғана аппараттың жұмысына қарап тұр деп пайымдауға мәжбүрміз. Бір таңғаларлығы, ресми хатымыздағы кейбір сауалға облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі нақты жауап жолдамауы. 

«2022 жылы қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу жұмыстары жүргізілуде» деген жалпылама болжаммен шектелді.

Қазір 2021 жылдың көктемі. Ал жауапқа қарасақ, 2022 жыл туралы айтылуда. Оған дейінгі айлар мен күндерде қатерлі ісікке шалдығып, әр секундын уайыммен өткізіп отырған азаматтар не істеуі керек? 
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазилов бұл туралы хабардар ма? Хабары болса, ашынған көпбалалы ананың жағдайы облыстың Бас дәрігерін неге алаңдатпайды? Әлде Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласына елдің тайқазанынан жеткілікті деңгейде қаржы қаралмай отыр ма? Цифрларды сөйлетсек, жыл сайын қаражатсыз «қаңырап» қалып отырған жоқпыз. Айталық, облыстық денсаулық сақтау басқармасына 2020 жылға 7 679 162,6 мың теңге қаралған. Оның ішінде республикалық бюджеттен 2 952 955,5 мың теңге берілсе, облыстық бюджеттен 4 726 207,1 мың теңге бөлініпті. Ал биылға бөлінген ақшаның мөлшері мынадай: 

2021 жылға 6 474 088,0 мың теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен 2 712 234,0 мың теңге, облыстық бюджеттен 3 761 854,0 мың теңге.

Айта кету керек, облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдар «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғам арқылы қаржыландырылады.


Өздеріңізге ұсынғанымыздай, өңірдегі денсаулық сақтау саласы көк тиынсыз отырған жоқ. Ақша бөлініп-ақ жатыр. Алайда қатерлі ісікті емдеуге қажетті сәулелі аппараттарды сатып алу немесе техникалық жағдайын бақылауда ұстап отыру неге тиісті деңгейде қарастырылмаған? Әлде қаражат тиімсіз жұмсалып жатыр ма? «Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау» демекші, наурыз айының басында облыстық денсаулық сақтау басқармасының орынбасарына байланысты жаңалықты қаперге алсақ, яғни оның әрекеті мемлекетке 64,4 млн. теңге шығын келтірген.

Көкейдегі көп сауал «күдікке» айналып бара жатқанын жасырмаймыз...





                                                                       
Автор: А.Қаржауұлы