15 мыңға жуық адам қатерлі ісікке қарсы ем алды

392
Биылғы жылдың 9 айында Алматы онкологиялық орталығында 14 615 науқас емделді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі

 Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1359 науқасқа көп. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов айтқан болатын.

Дәрігердің айтуынша, хирургиялық бөлімдерде 2000-ға жуық операция жасалды, олардың 50%-дан астамында бейнеэндоскопиялық техника қолданылды.

«Бұл пациенттің ауруханада болу ұзақтығын қысқартып, операциядан кейінгі кезеңді жеңілдетеді. Сондай-ақ, тәулік бойы және күндізгі стационар жағдайында 12 061 науқас химиятерапиялық ем қабылдады. 24 мыңнан астам КТ және МРТ сәулелі зерттеуі жүргізілді. 793 онконауқасқа сәулелі терапия емі жүргізілді»,- деді Нұрсұлтан Ізбағамбетов.

Ол сондай-ақ алматылықтардың сәулелі терапия емін АҚШ-та жасалған жоғары энергетикалық желілік үдеткіш көмегімен алатынын айтты.


«Процедура ауыртпайды. Сәулелендіру сеансының өзі небәрі екі минутты алады, ал қалған уақыт пациентті әртүрлі арнайы құрылғылардың (фиксаторлар, маскалар) көмегімен емдеу үстеліне жатқызуға, содан кейін ем жасалатын аймаққа сәулені бағыттауға және процедураның сапалы жүргізілуін бақылауға кетеді. Біздің бөлімде күн сайын 80-ге жуық алматылық ем алады», - деді дәрігер.