Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді
Елімізде коронавирусты жұқтыру көрсеткіші 20 пайызға төмендеді. Бұл туралы 18 мамыр күні үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта вирус жұқтырғандардың төмендеуіне қатысты оң динамика байқалады және эпидемиологиялық ахуал біртіндеп тұрақталып келе жатыр. Мәселен, соңғы 2 аптада оған дейінгі екі аптамен салыстырғанда науқастану көрсеткіші 20 пайызға азайды", - деді министр.
Алексей Цойдың мәліметіне сенсек, өңірлер шегінде 18 мамырдағы жағдайға сәйкес, инфекциялық төсек-орындардың толымдылығы 36, ал реанимациялық төсек-орындардың толымдылығы 28 пайызды құрап отыр.
"Инфекциялық төсек-орындардың ең жоғары толымдылығы Нұр-Сұлтан қаласында - 49, Алматы облысында - 45 пайыз, реанимациялық төсек-орындар толымдылығы Нұр-Сұлтан қаласында - 52, Алматы қаласында 47 пайызды құрайды", - деді Денсаулық сақтау министрі.