Аудан әкімі Жанкент, Бірлік және Қожабақы ауылының тұрғындарымен кездесті
260
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімінің қараша айындағы ауылдық округтердегі халықпен кездесулері жалғасуда,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Өркендеу, Бірлік және Аранды ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Басқосуларда Мұхтар Әуесұлыалдымен ауданымызда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, қол жеткізген жетістіктер мен алдағы мақсат-міндеттерді тілге тиек етті.
Сонымен қатар, 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауына біркісідей қатысқан ауыл халқына алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
Кезек ұсыныстарға берілгенде Жанкентауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өткелбай Жолмырзаев өз ой-пікірлерін айтып, республикалық тарихи ескерткіштердің қатарына кіретін Жанкент шаһары мен ауыл арасындағы жолдың екі бетін көгалдандыру, көшені асфальттау және елді мекендегі аяқ су мәселесін көтерді.
Бірлік ауылдық клубында өткен кездесуде де тұрғындар бірқатар мәселелерді аудан басшысының назарына жеткізді. Атап айтар болсақ, елді мекендегі электр желілері мен бағаналарын жаңалау, ауылға электрик штатын бөлу, ұялы байланыс желісін дұрыстау, Қазалыдан «Kaspi bank»бөлімшесін ашу және тағы басқа мәселелер жөнінде ұсыныс айтты.
Тұрғындармен кездесуден соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Бірлік ауылында жаңадан салынған әкімдік ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, халықтың қуанышына ортақтасты.
Аудан басшысы мұнан соң Қожабақы ауылына ат басын бұрып, ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті.
Кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілек Махамашов елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты аудан басшыларына алғысын айтса, өзге тұрғындар М.Еселбаева мен Б.Өтепов көшесін асфальттау, қаңғыбас иттерді аулау, ақылы қоғамдық жұмысқа орналасудың заңдылықтарын сұрады.
Тұрғындардың көтерген мәселесіне байланысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жауап беріп, айтылған ұсыныстардың барлығын рет-ретімен шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілетіндігін тілге тиек етті.
Халықпен кездесулерде аудан прокуроры Дарын Әбіш те сөз сөйлеп, елімізде алғаш рет прокуратура туралы заңға конституциялық мәртебе берілгенін жеткізді.
Тұрғындармен кездесулерге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов, аудандық мәслихат депутаты Әбдуәли Рахметов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.
Кездесулерден соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизовтұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.