"Қолымнан келмейді десеңіздер, қазірден бастап орынды босатыңыздар" - Смайлов

376
Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында министрлер кабинетіне қатаң ескерту жасады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

«Жақында Президент сайлауы өтті. Оған дейін Конституцияға өзгертулер енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдағы 7 жылға арналған сайлауалды бағдарламасы белсенді түрде іске асырылуы тиіс. Қоғам бізден нақты, оң өзгерістер күтіп отыр», -деді Әлихан Смайылов.

Ол өз сөзінде айтқандай, бағыт айқын – өзара байланысты үш қағидатқа, яғни Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қоғамға негізделген жаңа мемлекеттік саясатты қалыптастыру.

«Осы мақсатқа жету үшін барлық тиісті жұмысты атқаруымыз керек. Мемлекет басшысы бізден «жаңа жылға Үкіметтің қазіргі құрамымен аяқ басуға бола ма?» деген сұраққа нақты жауап күтеді. Мен Премьер-министр ретінде Президент жүктеген міндеттерді орындауға әрі тиімді шешуге бар күшімді саламын.

Осында отырған әрбір Үкімет мүшесінен де нақты жұмыс күтіп отырмыз. Біздің жұмысымыздың нәтижесін қазақстандықтар сезінуі керек. Талап өте жоғары. Ал қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын десеңіздер, қазірден орынды босатыңыздар», - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы сөз арасында халыққа шын жаны ашитын, мойнына жауапкершілік алып, батыл шешім қабылдайтын адамдармен ғана жұмыс жалғасатынын тілге тиек етіп өтті.

«Сонда ғана көздеген мақсатқа жетуге болады. Бүгін Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шараларды талқылаймыз. Республикалық штаб құрылды. Оның құрамына орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың барлық бірінші басшылары кірді. Штаб отырысын жүйелі түрде өткізіп тұрамыз. Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының әрбір қадамы тұрақты бақылауда болады», - деді ол.

Әлихан Смайылов осы жоспардың барлық тармақтарының орындалуы үшін бірінші басшылар тікелей жауапты екенін айтты.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бірқатар бағыт бойынша қатаң сын айтты. Әр министр Президент тапсырмалары мен іс-қимыл жоспарының тармақтарын орындау жөнінде жұмыс тәсілін ұсынуы тиіс», - деді ол.