Тоқаевтың сөгісінен кейін қызметі жоғарлап кетті

184
Мемлекет басшысының ескертуінен кейін қызметінен босатылған бұрынғы «ҚазАвтоЖол» филиалының директоры одан да жоғары қызметке ие болды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 



Мемлекет басшысының 2022 жылдың сәуір айында Батыс Қазақстан облысының жолдарын жөндеу жөніндегі тапсырмасын уақтылы орындамағаны үшін «QAZAVTOJOL» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Әмір Кәрімбаев қызметінен босатылған болатын. Бірақ жақында оның жоғары қызметке отырғаны белгілі болды, қазір ол «QAZAVTOJOL» ҰК» АҚ операциялық департаментінің директоры.

Тоқаевтың ескертуінен кейін жұмыстан кеткен басшылардың одан да жоғары лауазымға баруы әдетке айналды.

Кәрімбаев Тоқаевтың 2019 жылы берген тапсырмасы орындалмаған соң қызметінен босатылды. Президент сол кезде БҚО-дағы жолдардың жағдайына назар аударып, 2021 жылдың соңына дейін Қазталов, Жәнібек және Бөкейорда аудандарында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Алайда, екі жыл өткеннен кейін де жолдардың жағдайы жақсара қойған жоқ. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен облыс басшысына белгіленген мерзімде тапсырманы орындамаған  жауаптыларды жазалауды және шара қолдануды тапсырды. Бұл іске тікелей жауапты Әмір Кәрімбаев қызметінен кетті.

Бірақ жазаланған басшы ұзақ уақыт жұмыссыз қалмады. Әріптестері жан-жақты көмектері мен қолдауларын аямаған болса керек.

Еске сала кетейік, бұған дейін дәл осындай себептермен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев қызметінен босатылған болатын. Сол кезде ҚАЖ орталық аппаратының және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің бірқатар басшы қызметкерлері мен мамандарына қатысты әкімшілік шаралар қолданылды.