Атқарылатын шаруаның ауқымы кең

131
Қала әкімі Асылбек Шаменов бірқатар ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

Жиын барысында шаһар басшысы облыс орталығында атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылатын жобаларға тоқталып, халықты толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді.

Биылғы жылы ауылдарға ерекше көңіл бөлінді. Тұрғындардың талап-тілегіне сәйкес, қажетті шаралардың барлығы атқарылды. Бұл жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Жедел әрі жүйелі істің нәтижесінде «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Атап айтар болсақ, игілікті бағдарлама аясында Қызылөзек ауылдық округіндегі 2 көшеге асфальт және 4 көшеге малта тас төселеді. Бөлінген қаржы көлемі - 173,8 млн. теңге.

Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен қаралған 4,5 млн. теңгеге түнгі жарық бағаналары орнатылады. «Қожақ» автомобиль көпірі де алдағы күндері жөндеу көреді. Оның жоба-сметалық құжаттарына 5,2 млн теңге қаражат бөлінді.
Балаларға арналып спорттық-ойын алаңы салынады. Оған да қаржы қарастырылды. Ал, электр желілерін қайта жаңғырту үшін 6 млн. теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Талсуатта да биыл қызу жұмыс жүреді. Яғни, «Ауыл-ел бесігі» жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінген 65,2 млн. теңгеге 8 көше жөнделеді. Жергілікті бюджеттен қаралған 2,1 млн. теңгеге ауылдағы 7-ші көшеге жарық бағаналары орнатылады. Өткен жылы іргетасы қаланған 150 орындық ауылдық клуб мамыр айында ашылады.
Ал, Ақсуаттық ағайын сәуір айының алғашқы онкүндігінде көгілдір отынға қосылады. Жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен бой көтерген спорт кешені пайдалануға беріледі.

«Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында 79,9 млн. теңгеге 2,9 шақырым болатын 3 көше жөндеу көреді. 10,4 млн. теңгеге 1,6 шақырым болатын 2 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылады.

Мұнан өзге, 68,7 млн. теңгеге 1,4 шақырым болатын Ә.Құдабаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуға және түнгі жарық бағаналарын орнатуға Ұлттық қордан 89,8 млн. теңге бөлінді. 1 млрд. теңгеге жаңадан қоныстанушы аумаққа электр желілерін жүргізу құрылысына облыстық бюджеттен 200 млн. теңге қаралды. Қосымша 5 көшеге асфальт төсеуге 590,9 млн. теңге берілді.
Тұрғындар атқарылатын жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Дегенмен, ауылдағы ағайын аяқ су мәселесін түбегейлі шешу қажеттігін айтып, қала әкіміне бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде шаһар басшысы жауапты салалармен зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шаралар қабылданады деді.

Қала әкімі Асылбек Шаменов Титов, Гагарин, Әл-Фараби, Бәйтерек, Арай және Саяхат шағын аудандарының тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында шаһар басшысы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға тоқталып, халық жолдаған сауалдарға жауап берді.
Биыл қала аумағында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аяқ су жетпеген жерлердің арықтары аршылып, жер асты су ұңғымалары арқылы аяқ су жіберілуде.
Тұрғындар жиі сынға алатын қоғамдық көлік мәселесі де оң шешімін тапты. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен заманауи үлгідегі жаңа 150 дана автобус алынып, маршруттық бағыттарға қосылды. Алдағы күндері тағы 150 дана жаңа автобустар әкелінеді. Ол үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 434 млн теңге бөлінді.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында қалада заманауи үлгідегі 8 мектеп салынады. Оның бесеуінің құрылысы биылғы жылы басталады.

Тұрғындардың талаптарына сәйкес, «Бәйтерек» тұрғын ауданына «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылысын жүргізу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 384,7 млн. теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен 320,5 млн. теңге бөлініп, бүгінде көпірдің металл бөлшектері әзірленуде.Қаланың басты көшелерінің бірі саналатын С.Бейбарыс көшесін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен 2 млрд. 349 млн. теңге бөлініп, оның қазірде 4,2 шақырымы жаңғыртылуда.

Бюджеттің барлық түрлері мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалпы құны 12 млрд. теңгеге қала мен оған қарасты кент және ауылдық округтердегі 238 көше жөнделеді. Жалпы биылғы жылы басымдық қаланың шет аймақтарындағы көшелерге берілді. Биылғы жылы жылу желілерін қайта жаңғыртуға 8 жоба әзірленді. Оған республикалық бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойындағы жылу құбырларын жер астымен жүргізуге 5,2 млрд теңгесі қаралды. Жұмыстар жақын күндері басталады.

19 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу үшін облыстық бюджеттен 690 млн. теңге бөлінді.
Жергілікті бюджеттен бөлінген 1 млрд. 791,4 млн. теңгеге санитарлық тазалық және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі күні сквер-аллеяларға гүлдер мен газондар егу және арық жүйелерін тазалау, жасыл екпелерді суаруға арналған насостарды орнату жұмыстары басталды. 

Ең ірі жоба – «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы тұрғын сектордың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына былтырғы жылы республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд. теңгеге 7 дана ұңғыма, 3 дана резервуардың құрылысы аяқталу үстінде Резервуарлар сәуір айында іске қосылады. Бұл арқылы «Бәйтерек» және Шанхай, КБИ тұрғын аудандарында орналасқан жеке тұрғын үйлер тұрақты қысымды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Кездесуде тұрғындар берілген уәденің, айтылған сөздің орындалып жатқанына ризашылықтарын білдіріп, қала әкіміне бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Шаһар басшысы талап-тілек ескерусіз қалмайтындығын айтып, мәселелерге байланысты жауапты сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді.