Бүгін Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың III отырысы өтеді
Бүгін Атырауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың III отырысы өтеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы қарсаңында төрт бағытты қамтитын шағын секциялық жиындар өтті. Құрылтай мүшелері көтерген мәселелер мен айтқан ұсыныстар пысықталып, негізгі отырыстың бағдарламасына хатталады.
Руханият жайы талқыланғанда – алдымен әдебиет мәселесі қозғалуы заңды. Ал бұл жолы балалар әдебиеті ерекше назарға алынды.
Qazaqstan.tv тілшісінің мәліметінше, Ұлттық құрылтай мүшесі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің басшысы Дихан Қамзабекұлы авторларға төленетін қаламақыны көтеріп, арнайы заң қабылдауды ұсынды.
"Әдебиет сияқты кино да идеологияның құралы. Ал идеологиялық мәндегі сапалы фильмдерді тек мемлекет есебінен түсіруге болады. Қаражат бөлу тәртібін реттеу үшін бұл сала да арнайы заңға мұқтаж. Әрі «Қазақфильм» мен Ұлттық киноны дамыту орталығы бір-біріне тәуелді болмауы керек", - дейді киногер Азамат Сатыбалды.
Айтылған пікір құрылтай алаңында қалып қоймайды. Әр ұсынысты хатшылар қағазға түртіп отыр. Ол кейін Ұлттық құрылтайдың бағдарламасына енеді. Әрі алдағы уақытта министрліктер мен парламент деңгейіндегі талқыға арқау болады.
Әлеуметтік даму мен аймақтардың теңдігі – тағы бір секцияның өзегі болды. Онда қоғамның қат-қабат қатпарының қалтарыс-бұлтарысы мейлінше талқыланды. Оның ішінде мүгедектігі бар балалардың жайы аса маңызды. Әсіресе, ауыл-аймақтағылар үшін мүмкіндігі шектеулі баланы оңалтатын орын жоқтың қасы.
«Азаматтық қоғам» секциясында заң мен тәртіп үстемдігін орнату, қоғам бірлігі, адам құқығын қорғау сияқты мәселелер талқыланды. Ал «Білім және ғылым» секциясының жұмысы білім беру мен ғылымды дамыту жайына арналғаны түсінікті. Әйтсе де әр секциядағы мәселелер өзара тығыз байланысты екені де анық.
Айта кетейік, Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы былтыр Түркістан қаласында ұйымдастырылды. Екі күн бойы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылаған қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттары, қоғамдық кеңестер мүшелері мен БАҚ басшылары және сарапшылар өзіндік ұсыныстарын жеткізді.