Министр Бағдат Мусин ХҚКО-да қызмет көрсетті

287
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Ақтаудағы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, қызметкерлермен бірге клиенттерге қызмет көрсетіп, сауалдарына жауап берді. Бұл туралы министрі өзінің Facebook парақшасында хабарлады.

Министрдің сөзінше, талапкердер грантқа құжат тапсыруда. Бүгінде жүйеде 30 мыңнан астам өтінім тіркелген.


 "Алдағы уақытта бұл қызметті проактивті ету қажет, яғни жүйені бот сияқты оңай әрі қолайлы ету керек: ЖОО, мамандық және т.б. таңдау. Ал құжаттарды өз қолыммен тапсырамын деушілер үшін ХҚКО баламасын - ҰБТ тапсырған арнайы залдарды ұсыну керек деген ой келді. Сол жерде бірден UStady басшылығымен осы мәселені талқылап, қолдау таптық. Түлектер ҰБТ тапсырған жерде бірден құжаттарын да өткізе алатын болды. Биыл осы идеяны пилот ретінде жүзеге асырады, бұл ХҚКО-дағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді", - деп жазды Бағдат Мусин. 


Бағдат Мусин отбасы үшін анықтама алуға келген қыздың телефонына eGov mobile қосымшасын орнатуға көмектескен.


 "Оған бұл анықтамалар баспанасы жоқ екенін ай сайын дәлелдеп, әлеуметтік көмек алу үшін керек екен. Осы жайлы естігенде, расын айтсам, таңғалдым. Себебі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау органдарына мәліметтер қолжетімді, сондықтан осындай пандемия кезінде адамдардан анықтама талап ету қаншалықты қисынды?! Неліктен бөлімдер жұртты ХҚКО-ға жұмсап, сергелдеңге салғанын анықтаймыз", - деді министр. 


Сондай-ақ ол азаматтарға арналған үкімет басшылығына антиковидтік талаптарды қатаң қадағалау керек екенін тағы да ескерткен.