Президент: Қазақ-түрікмен халықтарының тамыры – бір, тарихы – ортақ
Қасым-Жомарт Тоқаев «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумда сөз сөйледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Түрікменстанға ресми сапары аясында түрікмен ақыны Мақтымқұлы Пырағының туғанына 300 жыл толуына орай өткен «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумға қатысты. Президент өз сөзінде Мақтымқұлының күллі шығыс жұртына ортақ ұлы ойшыл, түрікмен классикалық әдебиетінің негізін қалаған бірегей тұлға екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының пікірінше, әлемде геосаяси ахуал ушығып, түрлі жаһандық сын-қатерлер пайда болып жатқан күрделі кезеңде ұлы ойшылдың рухани мұрасы айрықша өзекті бола түсті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Түрікменстан ауқымды әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүргізіп, қарқынды даму жолына түскеніне назар аударды. Сонымен қатар бұл шаралар сан ғасырлық тарихы бар түрікмен мемлекеттілігін нығайта түсетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған мәдени іс-шараларға тоқталып, бұл бастамалар ұлы ойшылдың мұрасын жан-жақты насихаттауға жол ашатынын және мәдени дипломатияны дамыта түсетінін жеткізді. Әсіресе, Астанада бой көтерген Мақтымқұлының ескерткішін екі ел арасындағы мызғымас достық пен тату көршіліктің символы деп бағалады.
Мемлекет басшысы кеше Түрікменстанға ресми сапары аясында Ашхабадта қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының ескерткіші салтанатты түрде ашылғанын атап өтіп, Абай мен Мақтымқұлы туындыларында өзара үндестік пен үйлесім бар екенін айтты.
Форумда Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Пәкістан Президенті Асиф Али Зардари, Ресей Президенті Владимир Путин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш сөз сөйледі