Тоқаев Чехияның Сыртқы істер министрін қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Чехияның Сыртқы істер министрі Ян Липавскийді қабылдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Чехия арасында достық пен өзара құрметке құрылған көпжылдық әрі нәтижелі ынтымақтастық қалыптасқанын атап өтті.
Өз кезегінде Ян Липавский кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдіріп, Чехия Президенті Петр Павелдің Қасым-Жомарт Тоқаевты Прагаға ресми сапармен келуге шақырғанын жеткізді», - делінген хабарламада.
Ақорда мәліметінше, Чехия Сыртқы істер министрі қарқынды экономикалық байланыстар қазақ-чех ынтымақтастығының негізі саналатынына назар аударды. Ян Липавский өнеркәсіп, «жасыл» даму талаптарына көшу және энергетика салаларын бірлескен жұмыстың басым бағыттары ретінде атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ян Липавский өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Чехия Президенті Петр Павелге ізгі тілегін жеткізді.