Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөз сөйледі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті. Президент еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауына балады. Мемлекет басшысы өз сөзінде болашаққа сеніммен қарайтын ұлт қана табысқа жете алатынына назар аударып, өмір болған соң түрлі қиындық та кездесетініне тоқталды.
"Еліміз таңдаған даму жолынан ешқашан айнымайды. Мұны биылғы табиғи апат кезінде тағы да дәлелдедік. Алапат тасқын, шын мәнінде, еліміз үшін зор сынақ болды. Қаншама елді мекенді қарғын су басты. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Мыңдаған адам баспанасыз қалды, мал-мүлкін жоғалтты. Күрделі сәтте менің халыққа арнайы үндеу жариялағанымды білесіздер. Онда бір де бір адам ескерусіз қалмайтынын нақты айттым. Мемлекет сол уәдесін орындады. Қысқа мерзім ішінде 2700-ге жуық үй салынды. Баспанасын қалпына келтіру үшін 9 мыңнан астам отбасына өтемақы берілді. Сондай-ақ 6 мыңға жуық үй сатып алынды. Жаздан бері мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлады. Мемлекет бүлінген инфрақұрылымның көпшілігін аз уақытта қалпына келтірді", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұның бәрін қоғамның бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деп бағалап, апат салдарын жоюға атсалысқандарға, әсіресе, құтқарушыларға, еріктілерге, кәсіпкерлерге және басқа да жанашыр азаматтарға алғыс айтты.
"Өзара тілеулестік пен қамқорлықтың арқасында сынақтан сүрінбей өттік. Шын мәнінде, біздің барлық жетістігіміз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтан бастау алады. Бұл – ұйысқан ұлт, мықты мемлекет болудың басты кепілі. Елде тұрақтылық болмаса, ешқандай даму болмайтынын қазір әлемде болып жатқан оқиғалардан анық аңғаруға болады. Өкінішке қарай, көптеген елдер алауыздық пен түрлі жанжалдың кесірінен тоқырауға ұшырап отыр. "Бірлік бар жерде ғана тірлік бар". Бұл – ақиқат. Біз елімізде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – ең алдымен, халқымыздың тұтастығы мен бірлігінің арқасы. Себебі, біз таңдаған жол – өркендеу мен даму жолы. Бүгінде оның жемісін барша азаматтарымыз көруде", – деді Мемлекет басшысы.