Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады

371

Фото: Ақорда прессАймақ әкімі Мемлекет басшысына Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика бар екенін айтып, стратегиялық даму жобасы туралы баяндады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Дамудың негізгі 5 бағытынан тұратын құжат 2 кезеңді қамтиды. Ол 2025 жылға дейін және 2030 жылға дейін жүзеге асырылмақ. Алматы облысында таяу уақытта инвестицияның өсімін 455 миллиард теңгеден 686,5 миллиард теңгеге дейін арттыру жоспарланған. Осы мақсатта құны 618 миллиард теңге болатын әрі 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 132 жобаның инвестпортфелі жасақталған.
Облыс әкімінің айтуынша, Алматы агломерациясының аймақаралық жоспарына сәйкес, облыстағы нысандар инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ аймақтағы ең өзекті проблеманың бірі – үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешілетіндігі айтылды. 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» жобасымен 51 мектеп салу жоспарланған. Себебі облыста үш ауысымды мектептер көп. Сонымен қатар облыс жетекші жоғары оқу орындары мен колледждердің филиалдары, дарынды балаларға арналған мектеп лицей, «G 4 City» аумағында медициналық хабы мен ғылыми-білім беру аймағы бар «Gate District» ашылады, «Білімді ұлт» ұлттық жобасының аясында 11 колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтылады.
Президентке ұсынылған мәліметтерге сәйкес, өңірде 38 медицина нысаны салынады. Оған қоса, облыс орталығында 500 орындық көпсалалы аурухана құрылысы жобаланған.
Облыс экономикасын дамытудың негізін қайта өңдеу секторы, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, логистика және туризм құрамақ. Өңір басшысының айтуынша, қазірдің өзінде облыста 2626 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін құны 290 миллиард теңгелік 23 жоба іске асырылып жатыр. Агроөнеркәсіп кешені саласында 3330 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін құны 210 миллиард теңге болатын 78 жоба жүзеге асырылып келеді. АӨК жобалары облыстың барлық ауданында қолға алынған. Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, туризм саласында жетістіктер бар. Алматы облысында орналасқан ұлттық парктерге келетіндер саны көбейген.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу соңында облыс дамуының стратегиялық жоспарын тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асыруды тапсырды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының төрағалығымен Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, қаруды өндіру мен сатып алу, сондай-ақ осы саладағы экспорттық бақылау мәселелері қарастырылды.
Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың және Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың баяндамаларын тыңдады.
Отырыс соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.