Мәжіліс отырысына онлайн қосылған қатысушы майкамен отыр

2 567

Құрылыс кодексін талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырысында бір онлайн қатысушы экранға үйдегі киіммен – майкамен шықты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Бұл көріністі Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев байқап, видеоны жариялады. Депутат бұл жағдайды ешқандай тәртіпсіздік ретінде қабылдамайтынын, керісінше, заң жобаларын талқылауға қатысудың қолжетімділігін көрсететін сәт деп атап өтті.

«Бейсенбі күні құрылыс кодексі бойынша жұмыс тобының отырысында бір қызық жайтқа көзім түсті. Бір маман үй жағдайында отыр, қолында тамағы, жанында сусыны бар. Солай отырып, бізді тыңдап, пікірін айтып отыр. Бұл – тәртіпсіздік емес, керісінше қолжетімділіктің белгісі», – дейді Болатбек Әлиев.

Ол бұрын мұндайға ешқашан куә болмағанын, енді кәсіби мамандар кез келген жерде отырып, заң талқылауына қатыса алатынын атап өтті. 

«Кім кеңседе, кім жолда, кім үйде – бәрібір. Ең бастысы, қатыса алады. Бұл – Мәжілістің ашық, қолжетімді және шын мәнінде демократиялық жұмыс істеп жатқандығының дәлелі», – деді депутат.

Әлеуметтік желіде бұл жағдай қызу талқыланды. Бірі әзілдеп «Мен жеткім келетін пофигизм деңгейі» десе, енді бірі «Жаңа Қазақстан» деп жазды. Ал кейбір қолданушылар отырысқа қатысушыны «басынушылық, құрметсіздік және мәдениетсіздік» деп сынады. Біреулер оны «сертификатталған пофигист» деп атап, «өз вайбында отыр» деп сипаттады.