Аша Матай мен Тамара Асарға депутаттыққа жол жабық

2 517

Фото- Politico.kzExit poll нәтижесіне сәйкес, Қазақстан Халық партиясы 3% дауыс жинап, Құрылтайға өту үшін белгіленген 5% шекті межеден өте алмады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Еуразиялық интеграция институты Құрылтай сайлауы бойынша exit poll қорытындысын жариялады.

Сауалнама дерегі бойынша дауыстар былай бөлінген:

«Әділет» партиясы – 71,8%

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) – 5,2%

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы – 1,0%

Қазақстан Халық партиясы (ХП) – 3,0%

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 6,4%

Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 5,1%

Respublica партиясы — 5,4%

«Барлығына қарсы» – 2,1%.

Осылайша, exit poll нәтижесі бойынша Қазақстан Халық партиясы 3% дауыс алып, Құрылтайға өту табалдырығынан аса алмады. Егер бұл көрсеткіштер сайлаудың ресми қорытындысымен расталса, партиядан ұсынылған кандидаттар депутаттық мандат ала алмайды.

ХХП тізімінде сахна есімі Аша Матай ретінде танымал әнші әрі актриса Ақбота Асқарбекова мен әнші Тамара Асар да бар. Бұған дейін Қазақстан Халық партиясы Құрылтай депутаттығына 72 кандидат тіркегені хабарланған болатын.

Аша Матайдың кандидат ретінде тіркелуі қоғамда және әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен еді.Тамара Асар дауыс беруге қатысқан. Әнші жұбайымен бірге Астанадағы №274 сайлау учаскесіне келіп, дауыс бергеннен кейін әлеуметтік желіде жазба жариялады.

«Біз өз таңдауымызды жасадық», – деп жазды өнер иесі.

Еуразиялық интеграция институтының мәліметінше, exit poll еліміздің 20 өңіріндегі 200 сайлау учаскесінде жүргізілген. Анонимді сауалнамаға шамамен 30 мың сайлаушы қатысқан.

Орталық сайлау комиссиясының дерегі бойынша, Құрылтайдың алғашқы сайлауына 9,35 млн-нан астам адам сайлаушылар тізіміне енгізілген. 20:41-дегі мәлімет бойынша сайлауға қатысу 74,19% құрады.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.