Мемлекет басшысы Тәжікстанның Сыртқы істер министрін қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинді қабылдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Кездесуде Президент Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынас барлық бағыт бойынша оң қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтіп, стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтудың мәні зор екенін айтты.
Мемлекет басшысы былтыр қол қойылған Одақтастық қатынастар туралы шарт Астана мен Душанбенің сан қырлы және табысты ынтымақтастығының маңызды кезеңі болғанын еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның қазақ-тәжік ынтымақтастығын арттыруға қосқан теңдессіз үлесіне айрықша назар аударды.
Сироджиддин Мухриддин тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мен Тәжікстан өзара тиімді ықпалдастық орнатқанын, ол бауырлас халықтардың мүддесі үшін достық пен одақтастық рухында ұдайы дамып келе жатқанын жеткізді
Тәжік дипломаты Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент Эмомали Рахмонның сәлемін жеткізіп, тәжік тарапының Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бейіл екенін растады.
Әңгімелесу барысында бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. Әсіресе, экономика, сауда, транзит, цифрландыру, білім және мәдениет салаларындағы ықпалдастықты нығайту перспективасына айрықша мән берілді.