Мәжіліс архив мамандарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған заң жобасын талқылайды
Бүгінде еліміздің ауыл-аймағында мемлекеттік бюджеттен айына 100 мың теңгенің төңірегінде жалақы алатын қызметкерлердің бар екені жасырын емес. Солардың бірі – архив саласының мамандары. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Мәжілістің бір топ депутаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» арнайы заң әзірлеген еді. Төменгі палатаның бүгінгі отырысында осы құжат бірінші оқылымда талқыланбақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
12 қыркүйекте Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен бюро отырысының шешімімен жалпы отырыста 1-оқылымда қарауға ұсынылған заң жобасында архив құжаттарын қалыптастыру, сақтау және пайдалану саласындағы құқықтық реттеуді кеңейту, сондай-ақ электронды архив құру көзделген. Қолжазбаларды, суреттерді, сызбаларды, күнделіктерді, хат-хабарларды және мемуарларды сақтау мен пайдалану тәртібі айқындалған. Құжат бойынша негізгі баяндаманы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов жасайды.
Аталған заң жобасын әзірлеуші топтың жетекшісі, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Kazinform агенттігіне берген сұхбатында заң қабылданғаннан кейін 1 қыркүйектен бастап ауылдарда архив ісінде қызмет істейтін азаматтарға заң бойынша ауылдық квотамен үстемеақы төленетіндігін, «ұлттық» мәртебесі бар архив қызметкерлері 1,75 коэффициентпен жоғары жалақы алатынын айтқан еді.
Сондай-ақ жалпы отырыс барысында бейінді комитеттер жаңа ратификацияланатын заң жобаларын жұмысқа алады. Олардың қатарында Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісім, Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісім, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісім бар.
Депутаттар қабылдаған келесі заң - «Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы Қазақстаннан келген жұмыскерлерді Қатарда жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы».
Аталған заңда Қазақстан азаматтарының Қатардағы құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету ескерілген.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 21 депутаттық сауал жолдады.
Мәселен, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында мемлекетке қайтарылған жердің көбі игерілмей жатқанын алға тартады.
Ал Серік Егізбаев 1 пайыздық ауыл ипотекасын іске қосуды ұсынды.
Наурыз Сайлаубай ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіштері туралы ресми деректердің шындықпен сәйкеспейтінін сынады.
Жигули Дайрабаев еттің күрт қымбаттауына не себеп болғаны туралы пайымын жеткізді. Оның айтуынша, мал шаруашылықтарында 1 келі сиыр етінің өзіндік құны 2500 теңгеден аспайды.







