Тоқаев: KIA зауыты – Қазақстан мен Корея серіктестігінің айқын көрінісі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы Қостанай қаласында орналасқан KIA Qazaqstan автомобиль зауытының ашылуына қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Президент бұл оқиғаны еліміздің машина жасау саласын дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Ол бұған дейін Қостанайда KIA Sportage көлігінің өндірісі іске қосылғанын еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев KIA Corporation президенті Хо-сунг Сонгқа ризашылығын білдіріп, жобаның Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестіктің айқын көрінісі екенін айтты.
Мемлекет басшысы KIA компаниясының адам капиталын дамытуға, кадр даярлау мен оқу орталығын ашуға баса назар аударып отырғанын ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, зауыттың ашылуы жергілікті өндіріске, шағын және орта бизнеске, жаңа жұмыс орындарының көбеюіне оң әсер етеді.
Президенттің сөзінше, былтыр машина жасау саласына 290 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған, ал биылғы жылы бұл көрсеткіш 178 миллиард теңгеге жетті.
Сонымен қатар, азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі берілетінін хабарлады. Бұл көлік сатып алу процесін халық үшін қолжетімді етпек.
Қасым-Жомарт Тоқаев KIA Corporation президенті Хо-сунг Сонгты ІІ дәрежелі “Достық” орденімен марапаттады.
KIA Qazaqstan зауыты Қостанайдың индустриялық аймағында 62,95 гектар аумақта орналасқан. Кәсіпорын жылына 70 мың көлік өндіре алады, инвестиция көлемі – 131,5 миллиард теңге, ал 1500 адам жұмыспен қамтылған. Зауыт өнімі Қазақстанмен қатар Орталық Азия және ЕАЭО елдеріне экспортталады.







