Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің жаңа Салық кодексіне қатысты өтініштерін мұқият қарауды тапсырды

2 506

Фото: krisanapong detraphiphat/Getty ImagesПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке бизнес өкілдерінен түскен жаңа Салық кодексінің бірқатар нормаларын іске асыруға қатысты өтініштерді жан-жақты саралауды тапсырды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Президенттің айтуынша, жаңа кодекстегі кейбір талаптар жөнінде кәсіпкерлерден түрлі мазмұндағы өтініштер келіп түсуде. Ол аталған мәселелер бұқаралық ақпарат құралдарында да жарияланып жүргенін атап өтті.

"Үкімет бұл өтініштерді мұқият талдап, ақылға қонымды шешім шығарады деп үміттенемін. Басқа жол жоқ. Бұл – мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы салықтық әкімшілендіруді жетілдіру қажеттігіне тоқталып, цифрлық құралдарды енгізу кәсіпкерлерді алаңдатып отырған көптеген түйткілді шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстандық тауар өндірушілер реестрі мен Тауарлардың ұлттық каталогы енгізілетінін еске салды. 

"Үкімет 'Атамекен' ұлттық палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін бизнеске зиян келтірмейтін жаңа нормалардың қабылдануын қамтамасыз етуі керек", – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Қазақстанда жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.