Сенат депутаты кей қазақстанықтарға бір жылға дейін кредиттік демалыс беруді ұсынды

524

Фото: pixabay.comСенатор Әлімжан Құртаев оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтардың "Еңбек" бағдарламасына қатысуына толыққанды жағдай жасалмай отырғанын айтты.

Құртаев әкімдіктер солтүстікке қоныс аударушыларға өмір сүру мен еңбек етуге лайықты жағдай жасамай отыр деп санайды.
 

"Көшуге ниет білдірген отбасы өзі баратын өңірдің ауданы туралы барлық ақпаратқа толық қол жеткізе алмайды. Сондықтан олардың таңдауы шектеулі. Кейбір әкімдіктер отбасын қалаған ауылға емес, әкімдік өзі көрсеткен елді мекенге жібереді", – деді ол вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында.

 Тағы бір мәселе – тұрғын үйдің сапасы. Оның айтуынша, кейбір өңірлерде жер үйлердің құрылысымен фермерлік шаруашылықтар айналысады және баспананы келісу процесінен толық өтпестен сала береді. Осының кесірінен үйлердің сапасы сын көтермейді. 

Сонымен қатар Құртаев банкте қарызы бар азаматтар субсидияға қол жеткізе алмай қиналатынын атап өтті. Депутат бұл мәселені шешу үшін несиелік каникул беруді ұсынды. 
"Көшіп барған азаматтардың екінші деңгейлі банктерде несиесі болған жағдайда, алты айдан бір жылға дейін каникул берілсе. Себебі көшіп барған азаматтардың несиелік қарызы болса, оларға субсидия берілмей жатыр", – деді сенатор. 

Бұдан бөлек, депутат оңтүстіктен солтүстікке көшетін тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді ұсынды. Ол үшін кем дегенде жіберуші және қабылдаушы облыстарда Call-орталық ашу қажет. Онда қоныс аударушыларға толық ақпарат пен барлық сұрақтарына жауап берілуі керек.

 "Call-орталықтар тиімді жұмыс істеуі үшін көшуге ниет білдірген азаматтарды бос жұмыс орындары, баспанамен қамту, көрсетілген облыстарда шаруашылықтың қандай түрімен айналысуға болатыны және тағы басқа мәселелерден хабардар ете алатын мамандарды тарту қажет", – деді Құртаев. 

Депутат Павлодар облысындағы оң тәжірибені тілге тиек етті. Айтуынша, бұл өңірде жаңадан көшіп келгендерді қоныс аударушыларға арналған бейімдеу орталығының жатақханасына уақытша орналастырып, қажетті мамандарды аудандарда сұранысқа ие жұмыс орындарына орналастырады. 

Сенатор орталықтың жұмысы тиімді екенін айтып, басқа облыстарда да осындай мекемелер ашуды ұсынды.