Тоқаев 13 жыл президент болсын – Асқар Жұмаділдаев

337
Мұндай ұсынысты физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асқар Жұмаділдаев Абай Сейфоллаға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ғалымның ойынша, президент Тоқаев өз өкілеттігінің үш жылын Назарбаевтың көлеңкесінде жоғалтып алды. Сондықтан оған екі мерзім Президенттікпен қоса 3 жыл қосып беру қажет деп есептейді ол. 

«Менің білетінім -  Тоқаев екінші рет сайланады, одан кейін сайланбайды. Тоқаевтан кейін де адамдар болады. Менің өкінішім – Тоқаев үш жыл уақытын біреудің астында көлеңке болып босқа өткізіп алды. Егер депутаттар осы үш жылды бірдеңе қылып қосып берсе дұрыс болар еді. Тоқаевқа тиесілі 5 жылдың үш жылы өтті, енді екі-ақ жыл бар. Сосын тағы 5 жыл. Осыдан соң Тоқаев «қоштасам» деді. Конституция одан артыққа рұқсат бермейді. Мен осы 10 жыл ең болмағанда 13 болсын деп отырмын» , деп пікір білдірді Асқар Жұмаділдаев.

Депутаттың бірі осындай ұсыныспен шықса, академик қолдау білдіретінін жеткізді.

«Ал алдыңғы Президент сияқты 30 жылға созудың қажеті жоқ. Мәңгілік ел, мәңгілік Президент деген ұғымдар дұрыс емес», деді ол сұхбатта.