Медицина қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріліп, қауіпсіздігі күшейтіледі
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған ауқымды реформаларды жүзеге асыруда. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Үкіметтің баспасөз қызметі арқылы мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, соңғы жылдары салаға бөлінетін қаржы көлемі үш есеге жуық өсіп, 2025 жылы 3 трлн теңгеге жеткен. Бұл медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға және ірі нысандарды пайдалануға беруге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Ұлттық онкология орталығы, Астанадағы шұғыл медицина орталығы және Алматыдағы Ұлттық жұқпалы аурулар орталығы ашылды.
Салада тарифтік саясат қайта қаралып, босандыру мен педиатрия қызметтерінің тарифтері артты. Ана мен бала денсаулығын қорғау, онкологиялық қызметті дамыту және заманауи емдеу әдістерін енгізу бағытында оң өзгерістер бар. Дәрілік саясаттың жаңаруы бюджет қаражатын үнемдеуге жол ашты.
Цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп, «eDensaulyq» экожүйесі қалыптасуда, медициналық қызмет сапасын арттыру үшін жасанды интеллект енгізіліп жатыр.
Сонымен қатар медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданып, әлеуметтік қолдау шараларының нәтижесінде дәрігер тапшылығы азайды.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, қабылданып жатқан шаралар нәтижесін беріп, халықтың өмір сүру ұзақтығы 75,8 жасқа жетті, ал жалпы және нәресте өлімі айтарлықтай төмендеді.







