Қазақстан мен АҚШ стратегиялық ынтымақтастық перспективаларын талқылады

381
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лудың төрағалығымен Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссия отырысы өтті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Отырыстың негізгі мақсаты – өткен жартыжылдықтағы бірлескен жұмысты қорытындылау және екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі кеңейту перспективаларын айқындау болды.

«Бұл біздің қарым-қатынасымыздағы маңызды кезең. Шараның күн тәртібі жаһандық, өңірлік қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды, құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты, климаттың өзгеруін, білім алмасуды және басқаларын қоса алғанда, кең ауқымды мәселелерді қамтиды. Әсіресе, сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты талқылауға ерекше назар аударылады», - деді Ақан Рахметуллин Сыртқы істер министрлігінде журналистерге арналған брифингте.

Өз кезегінде АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лу өз елінің Қазақстан үшін сенімді серіктес екенін атап өтті.

«Біз экономиканың түрлі секторларында, әсіресе мұнай-газ саласында өте белсенді жұмыс істедік. Осы 30 жыл ішінде біз 37 млрд доллар инвестиция әкелдік. Алдағы уақытта да Қазақстанның серіктесі болып, «жасыл» экономикаға көшуге атсалысқымыз келеді, жаңартылатын энергия көздеріне – жел, күн энергиясы, гидроэнергетикаға инвестиция салмақшымыз Біздің елдеріміз өз тарихындағы ең берік қарым-қатынастарға ие.

Қазір біз COVID-19, жаһандық жылыну, Ауғанстандағы дағдарыс сияқты бірқатар сын-қатерге тап болдық. АҚШ ұзақ жыл Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді деп үміттенемін. Мен осында келіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын сіздермен бірге атап өткеніме қуаныштымын», - деді Дональд Лу.

Айта кетейік, бүгінгі отырыстың күн тәртібі саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық салалардағы екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерін және адам құқықтары, адам саудасы және басқа да мәселелерді қамтыды. Отырыс қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды.